Жігерлі жас жетістікке жетуде

Жігерлі жас жетістікке жетуде

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт-ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын баларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын болары анық.

Ауданымыздағы жас кәсіпкер Жасұ­лан Айтқалиевтың да бар қаража­тына балабақша ашуының да себебі осы болатын. Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жұмсалған қаражаттың теңдессіз қайыры бар екенін білгендігі болар. 2018 жылы Жасұлан елу орындық «Райяна» балабақшасын ашқан болатын. Өзі экономика саласының маманы болғандықтан оған бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді шешу оңайға соққан жоқ. Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие беру ісінің қыр-сырына қанығу үшін біраз уақыт пен күш жұмсады. Іс тетігін білікті маман шешетінін білген жас кәсіпкер саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін білікті де білімді мамандарды топтастырып, ұйымшыл ұжым құрды. Бүгінде балабақша ұжымында үш тәрбиеші, үш тәрбиешінің көмекшісі, бір аспаз, бір медбике, бір жүргізуші бар. Сонымен қоса, балаларды тіл білуге бейімдейтін ағылшын тілі үйірмесі мен дене бітімдерін қалыптастыру үшін хореография үйірмесі, жаңа заманға сай техниканы меңгеруге тәрбиелейтін робототехника үйірмелері қосымша жұмыс істеп тұр. Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы.Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі.Мектепке дейінгі білім беру – бұл үш жастан жеті жасқа дейінгі баланы оқыту, дамыту, тәрбиелеу, қарау және күту. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мақсаты осы жас кезеңінде тұлғаның қалыптасуы үшін қажетті бастапқы білім­ді, іскерлікті және дағдыларды қалыптастыру болып табылады. Халық қаһарманы БауыржанМомышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды, батырлықта мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын.Тәрбиешілер де бақшадағы бүлдіршіндерді жақсылық баулып, тәлімді тәрбие беріп, жақсы мен жаманды, үлкен мен кіші ажыратуға, қоршаған ортаның сиқырлы сырын ашуға үйретеді. «Баланы ең әуелі мейір–шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» депті ұлы ғұлама А.Құнанбайұлы. Сондықтан да балабақша жасындағы баланы мәдениет негіздеріне, сондай-ақ жалпыға ортақ қабылданған мінез-құлық пен қарым -қатынастарға үйрету өте маңызды.Бұл оның бастауыш мектепте одан әрі бейімделуіне үлкен ықпал ететіні сөзсіз. Тәрбиешілердің де басты мақсаты осы.

Бүгінде 520 шаршы метрлік ғимарат­та үш топқа топтасқан 75 бала алаңсыз тәрбиеленуде. Балабақша қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылып, балалар үшін барлық жағдай жасалған. 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап «Балапан» бағдарламасына енгізіліп, мемлекет тарапынан көптеген қол­дауға ие болып отыр. Балабақша жеке­мен­шік дегенімен аудандық білім бөліміне бағынып, осы бөлім ұсынған нұсқаулықтармен жұмыс жасайды. Балалар тасымалы да жүйелі жолға қойылған. Бұл ата-аналар үшін өте қолайлы. Ал ас мәзіріне келер болсақ, балақайларға күніне төрт мезгіл тамақ ұйымдастырылған. Жеміс-жидектер мен көкөністердің болуы міндеттеледі. Балалардың сапалы әрі құнарлы тамақтануы ерекше назарға алынған. Ас мәзіріне ата-аналардың да көңілі толады. Ешқашан сын-ескертпе болған емес. Балабақша қабырғасында тәрбиелік мәні зор әдеби-мәдени іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып отырады. Жас жеткіншектерді өнерге баулып, ән салдырады, түрлі тақпақтар жаттатқызады, би билетеді. Осындай өнерлі балалар өткен жылы «All talents»республикалық байқауына қатысып, үздік балабақша ретінде Бас жүлдені жеңіп алған болатын. Осының барлығы балдырғандардың болашағына бағдаршам болған Жасұлан Айтқалиевтай азаматтың іскерлігі мен талапшылдығы, ұқыпты ұйымдастырушылығының жемісі дер едік.
Бүгінде Жасұлан аудандық мәслихаттың депутаты. Талғар қаласында туып, өскен азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігі шексіз. Ол қаламыздағы №3 орта мектепте білім алды. Одан кейін политехникалық колледжді аспаз мамандығы бойынша бітірді. Кейін Алматы қаласындағы Алматы техникалық университетінің экономика және бизнес факультетінде білімін шыңдап, біртіндеп бизнеске бет бұрды. Оның бастамаларына ата-анасы қолдау көрсетіп жүрді. Бала­бақша ашуға ниеттенгенде де отбасы көмек берген болатын. Бүгінде ол кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіп­кер, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген халық қалаулысы. Жастайынан қоғам­дық жұмыстардың бел ортасында жүретін Жасұлан аудандық «Nur Otan» партиясының басшыларының назарына ілініп, Талғар қалалық бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары болды. Бас партияның барлық бастамаларына қолдау көрсетіп, қоғаммен біте қайнасып еңбек етіп жүрген жас жігітті алдыңғы буын аға-әкпелері жоғары бағалап, үстіміздегі жылдың басында өткен аудандық мәслихат сайлауына қатысуға ұсыныс жасаған еді. Партияның праймеризінен, түрлі сынақтарынан сүрінбей өткен Жасұланға аудан тұрғындары да зор сенім артқан болатын. Сайлауда партия жеңіске жетіп, Жасұлан депутат болып сайланды. Міне содан бері жас депутат билік пен халықтың арасында түйіні түйдектелген мәселелерді шешуге атсалысып, білім мен денсаулық, мәдениет салаларына қатысты өзекті басқосуларда көптің арасынан көрініп жүр. Ал ауданымыздағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, тағдыр тәлкегіне түскен жандарға жасап жүрген қамқорлығы өз алдына бір әңгіме. Оның бойындағы осындай еңбекқорлығы мен елжандылығын байқаған Ауған соғысы ардагерлерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігі «Қазақстан патриоты» медалін кеудесі­не қадап, жас жігітті жігерлендірген болатын. Ал «Nur Otan» партиясындағы белсенді қызметі үшін бас партияның төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, облыс әкімі, партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталовтың, төрағаның орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Одан басқа да түрлі деңгейдегі марапаттары Жасұланның аудан өміріне белсене араласып, ел игілігі үшін атқарып жүрген игі істерінің жемісі дер едік. «Жас  келсе, іске» демекші, қай қоғамның болмасын даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігін Жасұлан Айтқалиев тағы да дәлелдеп берді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»