Құрылыс нысандарын аралады

Құрылыс нысандарын аралады

Жуырда ауданымызға «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Римма Салықова арнайы іссапармен келген еді. Халық қалаулысын әріптестері облыстық мәслихаттың депутаты Әсел Төлепбергенова, партияның Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Бақыт Күрішбеков, «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Айтқалиевтар қарсы алған еді. Жұмыс тобы партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2021 жылға арналған Жол картасында көзделген нысандарды тексеру мақсатында қаламызды аралады. Атап айтқанда, Талғар қаласындағы 1200 орындық мектеп құрылысы, Бесағаш ауылдық округіндегі Мәдениет үйінің құрылысы, Талғар қаласындағы №3 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын назарға алды.

Алдымен Талғар қаласындағы №3 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын қадағалады. «Гунн Строй сервис» ЖШС-і жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына тапсырысты аудандық білім бөлімі берген. Жұмыс үстіміздегі жылдың бесінші тамызында басталған-ды. Жоспар бойынша осы жылдың аяғында, яғни 31 желтоқсанда аяқталуы тиіс. Білім ошағының күрделі жөндеуіне 1 168, 984, 0 мың теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі күнге дейін тек 200,0 млн. теңге қаражат игеріліп, жұмыстың 35 пайызы ғана аяқталған. Құрылыс алаңында 100 жұмысшы, 8 бірлік техника жұмыс жасауда. Десе де комиссия аталмыш мердігердің кестеден кеш қалып жатқанын да байқап, ескерту жасады. Ал Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары да тамыз айының соңында басталған. Келесі жылдың наурыз айында ел игілігіне тапсырулары тиіс. Конкурстың кеш өткізілуіне байланысты мемлекеттік сатып алулар бойынша 2020 жылғы қазанда күрделі жөндеу басталған. 11,4 млн. теңге қаражат игерілген. 2020 жылдың 20 қарашасында Мәдениет үйінде өрт шығып, соның салдарынан жұмыстар тоқтатылып, 371,1 млн. теңге бюджет қоржынына қайтарылған. Өрттен кейін жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, сараптама нәтижелері бойынша жобаның құны — 678,8 млн. теңгені құрап, 283,2 млн. теңгеге ұлғайған. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына 2022 жылға қосымша 283,2 млн. теңге қаражат бөлуге өтінім жолданған. Үстіміздегі жылы 371,1 млн. теңге бөлініп, «Қолғанат Құрылыс» ЖШС-і жұмысты бастап кетті. Құрылыс нысанында бүгінде 30 адам жұмыс жасауда. Жұмыс тобы барған тұста аталмыш нысанда сылақты кірпішке дейін кесу жұмыстары аяқталып, 1 корпустың қабырғалары нығайтылған. Кестеге сай қазан айында шатыр жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарына жауапты мамандармен сөйлескен жұмыс тобының мүшелері ғимаратты аралап көріп, ескертпе жасады. Содан кейін Талғар қаласындағы 1200 орындық мектептің құрылыс жұмыстарына да назар аударды. Құрылыс алаңындағы қайнаған жұмыстан нысанның жоспарланған уақытта аяқталатынына көздері жеткен жұмыс тобы партия тарапынан әлі де нысандарды қадағалап отыратындықтарын айтып тарқады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»