Жуырда ауданымызға облыстық мәслихаттың хатшысы Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы ат басын бұрды. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаларының, Жол картасының жағдайына жіте тоқталып, ондағы іске асырылып жатқан жұмыс барысымен танысты.
Айтулы жиынға аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, аудан әкімінің орынбасары Оразхан Өмірханұлы, аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібеков, «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Айман Мұратқызы, тиісті сала өкілдерімен БАҚ өкілдері қатысты. Жауапты азаматтар Жол картасының іске асыру барысы бойынша есеп беріп, қазіргі таңдағы атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады.
«Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков атқарылған жұмыстардың барысына тоқталып, есептік баяндама жасады. Жылу маусымына дайындық жұмыстарымен таныстырып, жылдық бюджеттің жұмсалу жоспарына тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған аудандық аурухананың бас дәрігері Хасен Дасибеков ауданымыздағы эпидахуал жағдайынан хабар берді.
Жауапты сала мамандарының баяндамаларын тыңдаған облыстық мәслихат хатшысы аудандағы жүргізіліп жатқан құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарының көңіл толмайтын тұстарына тоқталып, кемшіліктердің орнын толтыруға тапсырма берді. Аудандық ауруханадан қызмет алатын тұрғындардың арыз-талаптарын ескеріп, сапалы түрде қызмет көрсетуді қатаң бақылауда ұстайтынын да айтып өтті. Сонымен қатар сайлаудан өткен барлық әкімдер мен жауапты мамандардың сайлауалды бағдарламада көрсеткен уәделерін негізге ала отырып, тиянақты жұмыстарын атқаруларын алдыға тартып, бірқатар тапсырмалар берді.
Күн тәртібінде көтерілген өзекті мәселелерді аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы қадағалап, мониторингты топ құрып алдағы уақытта тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»