Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі

Ұлағатты ұстаз –  ұлт мерейі

Ұстаз! Осынау қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, Қазақ елінің болашағы жарқын. Иә, кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелесе, ол – мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты. Білім беру саласында тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері саналатын кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз — Құдабаева Ұлжалғас Бақтиярқызы.

Ол 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында еркелеп өскен қыз ұстаздық жолын таңдап, ата-анасының үміттерін үкілі етеді. Қазығұрт ауданында Т. Рысқұлов атындағы мектепті үздік аяқтаған Ұлжалғас 2004 жылы Алматы қаласындағы «Алматы мемлекеттік политехникалық колледжін» техник — бағдарламашы мамандығы бойынша қызыл дипломға бітіреді. Одан ары қарай «Алматы гуманитарлы техникалық университетінде» техник-бағдарламашы мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, «Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде» арнайы пән оқытушысы болып еңбек жолын бастайды. 2019 жылы Талғар қаласындағы Д.А. Қонаев атындағы университет колледжінде директордың ақпараттық технологиялар бойынша орынбасары қызметін атқарып, 2021 жылдан бастап И.Ф.Халипов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектепте директордың ақпараттық технологиялар бойынша орынбасары ретінде жұмысын жалғастырып келеді.

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп һәкім Абай атамыз бекер айтпаса керек-ті. Шәкірттеріне «білгенімді үйрету – парызым әрі мақсатым. Жан-жақты ойлай алатын білімді жас жеткіншектерді тәрбиелеу жолында өзімнің күш жігерім мен уақытымды сарп етемін» — деп өзіне серт беріп, ұстаздық жолды таңдаған жанның бірі – осы Ұлжалғас Бақтиярқызы.

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мәйекті мақаласында «білімнің салтанат құруы» жайында ой қозғайды. Әрбір мемлекеттің дамуы үшін, ең алдымен білімнің салтанат құруы шарт. Демек осы ұрпақты бүгінгі таңда жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары, өз бетімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастыра білу – болашағымыздың кепілі деп ұғыну керек. Ал ол үшін мұғалім терең білікті болуы қажет. Себебі, кәсіби білікті және шығармашыл ұстаз ғана бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыра алады.

Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі.

Әр сабағында оқушымен қарым — қатынасты, олармен сөйлеу мәнерін, сабақты ашып түсіндіру, оқушы бойына қызығушылық туғызып, оқушының жан — жақты болуына үлкен көзқараспен, сенімділікпен қарай білетін Ұлжалғастай рухты ұстаздардың шәкірттері осал болуы әсілі мүмкін емес. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші Тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстап, мерейін арттыратын абыройлы азаматтар тәрбиелеп, бойындағы бар білімін сарқып беретін Ұлжалғас Бақтиярқызының ұстаздық жолындағы ерен еңбегіне табыс тілейміз.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»