Жанашырлыққа жан риза

Жанашырлыққа жан риза

Жас емен ағашын күтіп баптаған сайын түзу өсетіні секілді, ізгілікті жанына серік еткен ел баласына жақсы амал жасауды жастайынан үйреткен. Сонда ғана бұл қоғам қайырымды ұрпақ өсіреді алады. Ұлы ойшыл әл Фараби: «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды» дейді. Ізгілікті жанына серік еткен адамзат баласының ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы халық тұрмысы түзелсе, қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы ел алға қадам басады. Қайырымдылық жасау үшін жүректегі мейірім мен адал ниеттің болуы жеткілікті.

Мұқтаж жандарға қол ұшын беру – дін тілімен айтқанда үлкен сауап, пендешілік тілмен айтқанда жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін өте жақсы іс. Ауданымыздағы «Самға-Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігі мұқтаж жандарға ұдайы қол ұшын беріп, қамқорлық танытып жүретін кең жүректі азаматтар топтасқан бірлестік. Бірлестік жетекшісі Назгүл Рысбаева бастаған еріктілер тобы жыл сайын дәл осы мезгілде қарттар мен қам көңіл азаматтарға қуаныш сыйлап, демалыс ұйымдастырады. Дәстүрге айналған игілікті шара 1- қазан Қарттар күні мен 9- қазан Мүгедектер күніне арналады. Биыл да бұл мерекеге ерекше көңіл бөлінген еді. Қоғамдық бірлестік ұжымы қам көңіл жандардың жүзіне қуаныш сыйлау үшін түрлі бағдарламалар ойластыратын. Өткен жылы Бесқайнар ауылдық округіне қарасты «Ойқарағай» демалыс орнына апарып, табиғат аясында тамаша кеш өткізсе, биылғы жылы «Ақбұлақ» спорттық сауықтыру кешеніне жолдама алған. Қоғамдық бірлестікке алғашқылардың бірі болып осы «Ақбұлақ» спорттық сауықтыру кешенінің басшылығы қол ұшын созған. Олар демалушыларды тегін табиғат аясына қыдыртты. Сонымен қатар, «Бақытжан» ЖК, «Даяна» тәттілер наубайханасы, қаламыздағы көтерме сауда желілері азық-түлікпен қамтып және қаржылай көмек көрсетті. Аудандық мәслихаттың депутаттары Роза Баракова, Жасұлан Айтқалиев, Ержан Игібаевтар мерекелік сыйлықтар алып беріп, мереке иелерін ары-бері тасымалдайтын көлік мәселесін шешіп берді.

Бұл күнгі мерекелік демалысқа жалғызбасты қарт ата-апаларымыз, және «Ақниет» балалар үйінің тәрбиеленушілері, бас-аяғы 45 адам жиналды. Талай-талай шет елдіктерді тамсандырған ауданымыздың тамаша табиғатына сүйсіне жүріп, концерттік бағдарлама тамашалап, кең дастарханнан дәм татқан қарттар мен балалардың қуанышында шек болмады. Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып жүрген жақсы жандардың қамқорлығы олардың жүректерін елжіреткені рас. Қоғамдық бірлестіктің игі істеріне қолдау көрсетіп жүрген өнер адамдары да бар. Атап айтқанда, әнші Мерей Дәрібаев, Айбек Мұхаметқали, Жандарбек Нұрбай, Саят Аукен, Саят Маратұлы, аудандық Мәдениет үйінің әншілері әсем әндерін орындап, мерекенің шырайын келтірсе, қаламыздағы іргелі оқу орнының оқытушысы Жәнібек Бекбау өзінің ерікті студенттерімен бірге концертті бағдарламаның мәні мен мазмұнын ашуға белсене атсалысты. Мерекелік шараға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Райхан Джулимбетова да арнайы қатысып, қос мереке иелеріне ақжарма тілегін арнап, құттықтауын жеткізді. Күн ұзаққа созылған мерекелік демалыс қам көңіл жандарға қуаныш сыйлап, өздерінің қоғамнан алшақ емес екендіктерін көрсеткендей болды. Осындай қайырлы істің басы-қасында жүретін «Самға-Н» қоғамдық бірлестігінің ұжымының ауызбірлігі мен кең пейіліне біз де риза болдық.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»