Тегін білім – табыстың тетігі

Тегін білім  – табыстың тетігі

Бүгінгі күні еліміздегі маңызды мәселелердің бірі тұрғындардың жұмыспен қамтылуы және еңбекке орналастыруды қамтамасыз ету болып отырғаны белгілі. Бұл өзекті мәселе мемлекеттің ерекше бақылауына алынып, түрлі бағамды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — бүгінде өзінің жемісін беріп, талай жанды жұмыспен қамтып, кәсіп ашуына септігін тигізіп, табысқа жеткізіп отырған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарламының бүгінде маңызы артқан. Бұл мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескеріп өзіне бірнеше міндетті жүктеп отыр. Соның бірі — қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағыты.

Ауданымызда бұл бағдарлама жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асып, бүгінгі күнге дейін талай жұмыссыз азаматтарды оқытып, жұмысқа орналасуына, өз кәсібін ашып, табысты болуына жол сілтеуде. Ал жұмыссыздарды қысқа мерзімде оқытып, кәсіптік білім беру ісі қаламыздағы инновациялық білім беру орталығына жүктелген болатын.
Жуырда инновациялық білім беру орталығында үш айлық қысқа мерзімді курсты аяқтаған жұмыссыз азаматтарға куәлік тапсыру салтанаты өтті. Игі шараға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Бағдат Азимбаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльвира Құрманова, орталық маманы Айнаш Махатовалар қатысты.
Тегін оқу курстарына қатысу үшін жергілікті мекенжай бойынша жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарды тапсыру қажет. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың басталуы туралы мамандар алдын ала арнайы хабарлайды. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Дәріс беру аптасына 6 күн, 6 сағаттан жүргізіледі. Оқуды тәмамдаған азаматтарға арнайы куәліктер беріледі. Бүгінгі күні осындай қысқа мерзімді оқыту курстарына көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар мен әйелдер қауымы, жұмыссыз жүрген жастар, мамандық таңдауда жолы болмаған азаматтар көптеп келеді. Бастысы олар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша аз уақыт ішінде оқып шыға алады.

Бұл күні үш айлық курсты шаштараз, есепші, ЭВМ операторы, тігінші мамандықтары бойынша 38 оқушы тәмамдады. Оларға үш ай бойы білім беріп, мамандыққа машықтандыруда білімді де білікті ұстаздар еңбек етті. Атап айтқанда, тігінші мамандығын игерген қыз-келіншектерге Радха Бұсырманова сабақ берсе, ЭВМ операторларын Бағдат Үмбетов оқытып шығарды. Есепшілерді Наталья Лысак даярлап шығарса, шаштараздарды Қарқын Дәулет оқытып, өзінің сән салонында тәжірибеден өткізген.,

Салтанатты шараға бітірушілер жоғары дайындықпен келген. Бірінші болып куәліктерін алған тігіншілер қауымы үш айлық оқу барысында алдымен өз қолдарымен тіккен пальто, белдемше, шалбар, жейде, көйлек, бас киім, сөмкелерін көпшілік назарына ұсынып, шағын сән үлгісін көрсетті. Аз ғана уақытта киімнің түр-түрін тігіп, алған білімдерін паш еткен тігіншілер таңдай қақтырды. Оларға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Эльвира Құрманова куәлік­тері мен «Алғыс хатта­рын» табыс етіп, алдағы еңбек­теріне сәттілік тіледі. Одан кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Бағдат Азим­баев ­шаш­та­раз­дарға куәлік­терін табыс етіп, алдағы күндері өз кәсіптерін ашып, табысқа кенелулеріне тілек­тестігін білдірді. Ал есепші мамандығын игерген бір топ жастарға куәлік тапсыру рәсімі маған бұйырды. Қай заманда болсын маңыздылығын жоймайтын, сұранысқа ие кәсіпті игерген жастарға мен де ақ жол тіледім. Техниканың күннен-күнге қарыштап дамыған заманында қажетті мамандықты игеріп ЭВМ операторы атанған бітірушілерге жұмыспен қамту орталығының маманы Айнаш Махатова куәліктері мен «Алғыс хаттарын» табыс етті. Бітірушілер тарапынан да сөз алып, ойларын ортаға салған азаматтар болды. Тігіншілер Перизат Амирбаева мен Айгерім Мұстафаева, ЭВМ операторын оқыған Тұрсынбүбі Райымбаева жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсетіп, түрлі бағдарла­малар­ды ұсынған мемлекет бас­шысының саралы саяса­­тына, оларды жүзеге асы­рып жатқан жұмыспен қамту орталығының ма­ман­­дарына, сапалы білім беріп, кәсіптің көзін ашып берген инновациялық орта­лық қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, қысқа мерзімді даярлау курсында оқыған мамандықтары бойынша жұмыс жасап, жеке кәсіп ашып, табысты тасытатындықтарын айтты. Салтанатты шараны инновациялық білім беру орталығының директоры Найля Үмбетова қорытындылап, жұмыссыздықпен күрес кез келген мемлекет үшін маңызды екенін алға тартып, маңызды мәселені шешу жолында мемлекетіміздің ұсынып жатқан бағамды бағдарламаларын тиімді пайдаланып, мамандық игеріп, табыс табуға ынталы болған азаматтарға сәттілік тіледі. Оқу курсының белгіленген мерзімі аяқталғанымен әлі де іс-тәжірибесін жетілдіремін деген қыз-келіншектерге қашанда білім орталығының есігі ашық екенін айтты. Салтанатты шараның соңында бітірушілер естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңілде тарқады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»