Ұстаз – ұлағатты ұғым

Ұстаз – ұлағатты ұғым
Сөзімнің басын: «Оқушыңды өзіңнің қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген Л.Н.Толстойдың кереметтей сөзімен бастағым келеді. Себебі, өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және сауаттылығымен кез-келген шәкірт жүрегін жаулай білетін ұстаз Жақудаев Рүстем Бақытнұрұлы туралы сөз қозғамақпын. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт-пішіні, киген киімімен де оқушысына қатты әсер етеді. Осы қасиеттердің барлығы Рүстемнің тұла бойынан табылатыны хақ.
Рүстем Бақытнұрұлы 1985 жылдың 25-тамызында Алматы облысы Райымбек ауданы Көкбел ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Рүстемге ұстаздық ету әкенің қанымен келген қасиет болса керек. Әкесі Жақұдаев Бақытнұр ұзақ жылдар тарих пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз еді. Ал анасы Жақұдаева Дариға ұл-қыздарына тәрбие беріп, үй шаруасымен айналысқан аяулы ана.
Рүстем орта мектепті Көкбел ауылында тәмәмдаған соң, 2004 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің геология мамандығына оқуға түседі. Геология саласында 10 жыл қызмет етіп, 2018 жылы «Аймақтық әлеуметтік—инновациялық университетін» дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмәмдайды. Оқуды бітірген жылы Талғар қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы университет колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей бастайды. Оқығаны мен тоқығанын шәкірттеріне үйретуден жалықпаған Рүстем Бақытнұрұлы 2019 жылдан бастап И.Ф.Халипов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектепке дене шынықтыру пәні мұғалімі болып ораналасады. Ерен еңбектері ескеріліп, қала, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару — екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Кейіпкеріміздің де өзіне қояр талабы, алдына қойған мақсаты жоғары. Оның ғылымның соңғы жаңалықтарын күнделікті сабақтарында пайдалануы мен білім беру жүйесіндегі инновациялық технологияларды қолдануы ерекше. Жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытып, жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру Рүстем Бақытнұрұлына тән қасиет. Ендеше, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытқанға не жетсін…
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»