БІРЛЕСЕ ЕҢБЕК ЕТУІМІЗ КЕРЕК
Әлемді әбігерге салған індеттен қажыған халқымыз Жолдаудан жағымды жаңалықтар мен жасампаз жақсылықтар күткені сөзсіз еді. Осыны ел басшысы да ескерді де, басты құжатты бастан-аяқ ел экономикасын көтеруге негіздеді. Әсіресе, азаматтардың денсаулығын жақсарту, білім саласын көтеру мәселелеріне ерекше тоқталды.
Білім жоқ жерде ғылым да жоқ екенін, ғылым болмаса, өнеркәсіптің де алға баспайтынын алға тартты. Президенттің бұл пікірі Нұра ауылында орналасқан №12 орта мектептің ұстаздарының да көңілінен шықты. Жолдауда білім саласына қатысты өте өзекті проблемалардың көтерілуі, бірыңғай онлайн оқу форматын жетілдірілуі, елімізде жас ғалымдарды қолдау мақсатында ғылыми жобаларға гранттық қаржыландыруды арттыру мәселелеріне басты назар аударылатындығы іс-шара барысында ашық талқылауға түсіп, оған әр мұғалім өз пікірлерін білдірді.
Гүлбаршын Ізбасар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Жолдауда қойылған басты міндеттердің орындалуы мемлекетті жасампаз, дамудың даңғыл жолын салушы ел ретінде танытады.Тәуелсіз қазақ елінің азаттығы мәңгілік болуы үшін біз болашақтың іргетасын берік қалауымыз қажет. Ол үшін болашақтың басты кілті – жастардың білімділігі мен білгірлігін қатар жетілдіруіміз керек. Ал, ол үшін біз не істеуіміз керек? Әрине, Мемлекет басшысының болашаққа бағдар берер міндеттерін мінсіз орындауымыз қажет. Білім саласына берілген басымдықты пайдалана отырып, мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың арқасында білім көкжиегін кеңейтуіміз қажет. Біз осы жолда ел игілігі үшін ерінбей еңбек етуге әрқашан да дайынбыз.
Сондай-ақ, басқосу барысында мемлекет мұғалімдердің еңбекақысын жыл сайын көтеріп, ұлт болашағын тәрбиелеудегі олардың еңбегін бағалап келе жатқандығы да сөз болды. Және де әлемді жайлаған пандемия кезінде білім беру жүйесі де үлкен сынаққа ұшырады. Карантин кезінде қабылданған шаралар қазақстандық мектептер үшін де күтпеген жағдай болды. Бізге көктемгі демалысты бір аптаға ұзартып, сол уақытта білім беру процесін карантин жағдайына бейімдеуге, қажетті ұйымдастыру жұмыстарын шұғыл жүргізуге тура келді. Биылғы оқу жылынан бастап дәстүрлі форматқа көшкен мектептер оқушылар үшін сапалы білім беруде осыдан қолайлы, тиімді тәсілдің жоқ екендігін анық білді. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде пікірлерін білдірген ұстаздар осы елдің азаматы ретінде Жолдауда айтылған барлық мақсат-міндеттерді қолдайтынын білдірді. Және барша әріптестерін Мемлекет басшының тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, ел игілігі үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.
Меруерт Мәулет
«Талғар»