Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де зор нұқсан келтіріп отыр. Мемлекеттiң экономикасын күйретiп қана қоймай, билік өкілдері туралы терiс пiкiр туғызады. Жемқорлық ірі немесе ұсақ болып бөлінбейді.
Пара алушымен берушінің арасындағы осы бір қылмыстық іспен күрес науқандық шара болмауы керек. Сонымен қатар бұл заңсыздықпен күресті құзырлы мекемелерге итеріп, жауапкершіліктен қашуға болмайды. Қоғам болып қолға алғанда ғана оң нәтижеге жетуге болады. Осы ретте кешендi шараларды жүргiзу мәлiметтермен алмасу, сыбайлас жемқорлық әрекеттерiнiң алдын алу үшiн бiрлескен түрде насихат жұмысына ден қойып, баспасөз құралдарымен тығыз байланыста болу өз нәтижесiн бермек. Оған қоса әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.Қылмыс біреу болғанымен қылмыскер екеу саналатын бұл іске қызметтегі түгілі қара жұмысшының өзі етін үйретіп алғаны жасырын емес. Демек дендеген қоғам дертінің бетін қайтару бір күнде біте қоятын іс емес. Тиісті салалардың өзі себебін таппай салдарымен күресіп әлек. Бұл деген сөз ел болып ұйыспай біте қояр іс емес. Осы бағытта жасалынып жатқан жұмыстардың денін оқырман алдына ұсынып келеміз.
Бейсенбіні бетке алып Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров ауданымызға ат басын бұрған болатын. Ондағысы аудан жастарымен кездесіп сұхбаттасу болды. TEDХ форматында, яғни оңаша ортада өткен бейресми жиынның өтуі аудандық жастар ресурстық орталығына жауапкершілік жүктелді. Жалпы жиынның негізгі мақсаты жоғарыда сөз еткен жемқорлыққа қарсы күреске жастарды жұмылдыру, оларды осы озбыр істен оқшаулау. Өзекті мәселе сөз болған бұл бас қосуға қала және ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылар, жас мемлекеттік қызметшілер шақырылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше осы іспетті бастамалар жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастырып, құқықтық мәдениетті дамытып, патриоттық сезімін оятуға зор пайдасын тигізбек. Жиын барысында бас спикер Елдар Қайсарұлының тақырыпқа қатысты айтылған ойы ортаға салынды. Кейіннен аудан жастарын қызықтырған сұрақтар қойылып, сұхбатқа ұласты.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»