Жастардың ісі жалынды

Жастардың ісі жалынды

Аудан жастарының жұмысын газетіміздің өткен сандарында жиі жазып, назарларыңызға ұсынып келеміз. Осыдан аз уақыт бұрын аудандық жастар ресурстық орталығының жазғы демалысын өнімді еңбекке алмастырғысы келетін жастарды «Жасыл ел» еңбек жасақтары қатарына шақыратынын хабарлаған едік. Енді міне, қоғам алдында жауапкершілік арқалаған аудан жастарының жазғы жасаған жұмысын ұсынғымыз келіп отыр.

Барлығымызға белгілі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары студенттерді жұмыспен қамти отырып, қоғамдық маңызы бар игі істер атқарып келеді. Еңбекке ерте жастан етін үйретіп, қоғамдық жұмысқа қолғабыс болуға баулыған жастар жобасына аудан жастарының да сіңірген еңбегі мол. Өз аудандарының келбеті көркейіп өзгеруіне үлес қосқысы келетін жастар биыл да қоғамдық істен құр қалмады. Аудандық жастар ресурстық орталығының берген мәліметінше шілде айында 23, тамыз айында 17, бас-аяғы 40 бала еңбекке тартылған. Осы аралықта Іле-Ала­тау ұлттық паркі, көне «Талхиз» қалашығы төңірегінде тазалық жұ­мыс­тарына жасаумен қатар ел болып көтерген түрлі бастамаларға да ат салысты. Атап айтқанда «Ардагерді ардақтайық» акциясы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлері тұрып жатқан үйлер төңірегінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Үлкенге құрмет, кішіге міндет» акциясы барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне барып асарлатып қайтқандары тағы бар. Бұдан бөлек қала және қала ішіндегі саябақтар мен қоғамдық орындарды жөнге келтіру жұмыстарын жасаған. «Жасыл ел» еріктілері арасында «Толағай» спорттық ойындарын өткізген.

Сонымен қатар орталық жастарының мұрындық болуымен Талғар ауданының әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Сәті сәрсенбіге түскен кеңеске Талғар ауданы әкімінің орынбасары Толқынов Ермек Маңғазұлы төраға­лық етті. ZOOM қосымшасы арқылы өткен жиынға мемлекеттік қызметтегі жастар, жастар ісі жөніндегі әдіскер- нұсқаушылар, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері шақырылды. Күн тәртібінде үші мәселе көтерілді.
Жиын нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында жұмыссыз жастардың жұмыспен қамтылуы туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Эльвира Қанатқызының баяндамасымен басталды. Кейінірек «Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын – алу және құқықтық мәдениетті арттыру» бойынша ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Айгул Бейсембаеваның келтірген деректері тыңдалды. Отырыстың соңын ала ортаға шыққан аудандық жастар ресурстық орталығы жетекшісі Замира Нұрланқызы Талғар қаласы мен ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер – нұсқаушылардың және еріктілердің 2021 жылы атқарған жұмыстары туралы өз есебін ұсынды.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»