Болашаққа бағытталған

Болашаққа бағытталған

Аудан аумағындағы түрлі еңбек ұжымдарында Президент Жолдауын халыққа түсіндіру бойынша жиындар өткізілуде. Соның бірі Нұра ауылдық округі әкімшілігінде ұйымдастырылды. Ауыл әкімі міндетін уақытша атқарушы Ақтолқын Мылтықбаева ауыл активімен кездесу өткізді.

Басқосуға қатысқандар Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Алдымен Ақтолқын Әбдірқызы баяндама жасап, жолдау маңызды міндеттер жүктегенін, оны іске асыруда жұмыла әрекет ету қажеттігін атап өтті.

– Пандемия жағдайындағы мемлекеттің дамуының жаңа бағыттарын айқындайтын ұлттық жобалар құнды болып табылады. Жолдаудағы басты назар елдің экономикалық жағдайын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысы «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру» бағыттарында маңызды шаралар ұсынып отыр. Жолдауда айтылған 7 бағытты аудан, ауыл көлемінде жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылдану қажет, — деді баяндамашы. Іс-шара барысында жиналғандар Мемлекет басшысының Жолдауда атап өткен елдің экономикалық дамуын көздеген басты бағыттары мен бастамаларын кеңінен талқылап, ойларын ортаға салды.
Гүлназ Ізбасарқызы, Нұра ауылдық жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушы:

– Жолдау бірінші кезекте болашаққа бағытталған. Президент Жолдауы біздің жастар үшін нақты іс-қимыл жоспары бола алады деп сенімді түрде айта аламын. Президенттің бастамаларын іске асыру кәсіпқойлықтың өсуіне және жас мамандарды тиімді жұмысқа орналастыруға ықпал ететін болады. Келешек ел тұтқалары диплом емес, білімді болуы үшін оқуы қажет. Сонда ғана мемлекет мерейі, ел ертеңі үшін еңбек ете алады.

Айта кетейік, Жолдауда мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының барлық аспектілері қамтылғаны белгілі. Соның ішінде жер қойнауын тиімді пайдалану, жекешелендіру, АӨК (аграрлық өнеркәсіп кешені) проблемаларын шешу, экономика мен мемлекеттік секторды цифрландыру процесін сапалы ретке келтіру, денсаулық сақтау мен білім беру, өңірлерді дамыту, еңбек нарығы, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, қоғамдағы бірлік пен келісім сияқты еліміздің дамуына қатысты аса маңызды мәселелерге назар аударылғанын айтып өткеніміз жөн.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»