Қысқы жылу маусымына дайындық қалай?
Қылышын сүйретіп келетін қыстың қамын жаздан бастап ойлап, ерте қамданудың маңызы қашанда зор. Әсіресе, тұрғын үйлеріміздің жылы әрі жайлы, коммуналдық шаруашылығының сапалы болуына жіті көңіл бөлінуі тиіс. Сондықтан, бұл мәселе аудан басшылығының назарынан қалыс қалып көрген емес. «Кәрі құданың» қаһарына төтеп беруге жан-жақты дайындық қажет екені белгілі. Жаз мезгілі аяқталып, күз келісімен-ақ елдің «Биылғы қыс қатты болады екен», деген сөзін жиі естиміз.
Кейде қыркүйектің бірде жылы, бірде салқын құбылмалы ауа-райы да қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сездіретіндей. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, күн жылы, жер қара кезде қысқа дайындық жұмыстарын жүйелеп алған жөн.
Ауданымызда 47 елді мекен бар. Оның 29-на бүгінгі күні көгілдір отын жүргізіліп, газдандыру мәселесі 61,7 пайызды шешілген болатын. Ауданымыздағы газ таратушы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы мен «ЖетісуГазҚұбыры» ЖШС-і жалпы 925,2 шақырымды құрайтын желі жүргізіп қойды. Бүгінде табиғи газдың тарифы 1 м3-на 29,62 теңгені құрайды.
Ауданымызда бюджеттік салаға қарайтын 97 нысан бар. Оның ішінде 57 білім ошағы, 16 медициналық мекеме, 5 мәдениет және 5 спорт нысандары, 2 әлеуметтік нысан мен 12 әкімдіктер бар. Олардың 34-і сұйық отынмен, 9-ы көмірмен, 40 нысан табиғи газбен жылытылады. 1 нысан Алматы қаласының орталық жылу жүйесіне қосылған. Аталған нысандардың барлығы жылу маусымына дайын.
Ауданымызда 252 көпқабатты тұрғын үй болса, оларда барлығы 6186 пәтер бар. Оның ішінде 164 көпқабатты үй Талғар қаласында, қалған 88 көпқабатты үй ауылдық округтерде орналасқан. Ауданымызда 2018 жылдан бері 34 жылу қазандығы салынған. Бүгінгі күні ол қазандықтар 138 көпқабатты үйді жылумен қамтамасыз етеді. Келесі жылға тағы 30 жылу қазандығын салу жоспарланып отыр. Бұл жоспар жүзеге асатын болса тағы 68 көп қабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын болады. Ал жеке тұрғын үйлерге келер болсақ, ауданымызда 44 162 жеке үй бар. Бүгінгі күні оның 32 376-сы көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Қалғандарын газға қосу мәселесі алдағы күннің еншісіне қойылып отыр.
Талғар ауданы тұрғындарын қысқы жылыту маусымында көмірмен қамтамасыз ететін 3 база бар. Қазіргі кезде олардың қоймаларында 1820 тонна көмір бар. Қазірдің өзінде тұрғындар 45 мың 654 тонна көмір сатып алып, дайындық шараларын қолға алған. Көмір бағасы тоннасына 14-17 мың аралығында. Атап айтқанда, «Қаражыра» көмірінің сұрыпы – 14 500 теңге, «Шұбаркөл» – 16 мың теңге. Аудан жұршылығы көмірдің кезегін күтіп, әуре-сарсаңға түспей қыстың қамын ерте жасаса екен деген ой бізде де.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»