Нәзік иықтың ауыр жүгі

Нәзік иықтың ауыр жүгі

Кейіпкерімнің сүйкімді болмысына қарап сұлулыққа қатысы бар маман иесі ғой деріңіз әбден мүмкін. Қашан да жарқын жүзінен қарапайымдылықтың нышаны аңғарылып тұратын бойжеткенмен таныса, сөйлесе келе мүлдем қыз баласына тән мамандық иесі емес екендігін естіп таң қалғанымды жасыра алмадым. Көркіне ақылы сай Қасымжанова Әлия Қалибеккызы Талғар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Әлия Шы­ғыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, арман қала Алматыда жоғары білім алады. Бала кезінде тәуелсіз ел болудың мән-мағынасына түсінбесе де өсе келе баға жетпес сөздің қадір-қасиетін ұғынып, өзі сол жылы дүниеге келгенін мақтан тұта жүретін болды. Ерекшелікті, жаңашылдықты жаны сүйетін сұлу қыз болашағын да бірден айқындап алады. Білікті маман ретінде елінің болашағына үлес қосу үшін азаматтық қорғау саласына бет бұрады. Нағыз еңбектің нәтижесін көру мақсатында тынымсыз ізденіс жолына түседі. Қиындықтан, жауапкершіліктен қашпайды. 2013 жылы өнеркәсіптік қауіп­сіздік саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының газ шаруашылық нысандарының және газ құбырларын ба­қылау бөлімінің бас маманы ретіндегі еңбек жолы басталғанда да төзім мен шы­дам жан серігі болады. Бұл қиындығы мол сала­да маманға керек басты қасиеттер осы екендігін сол кезде-ақ жанына тоқып ала­ды.

Өз жұмысын жетік білетін қажырлы бойжеткен 2015 жылы мемлекеттік өрт бақылау басқармасына ауысады. Отқа оранып жатқан ғимаратты, апатты жағдайдағы нысанды, өзге де төтенше оқиғалардың бел ортасында жүру нәзік жанды әйел затының табиғатына ауыр тиетінін ескерсек, мұндай жағдайда өзінің кім екенін ұмытып, «жүрек жұтқан батырлық» мінезін танытуға тура келетіні анық. Міне, сол қызметті абыройлы атқарған Әлия бір жылдан соң-ақ «Азаматтық қорғау лейтенанты» арнаулы атағын алады. Бұл тек жұлдызды марапат қана емес керісінше жауапкершіліктің де артқанын жете түсінген аға инженер жұмысының қадір-қасиетіне көлеңке түсірмеуге тырысады. Нәтижесі жаман емес, бүгінде капитан шеніне жетіп отыр.

Арманы айқын Әлия осы кезге дейін бағындырған белесін бала күнгі арманының шынай көрінісі деп қабылдайды. Өз ісінің кәсіби майталманы болу үшін әлі де рухани күш-жігері мен ақыл-парасатын жұмсау керектігін жақсы біледі және сол жолда табандылықпен еңбек етуге даяр. Біз де Әлия Қалибекқызының еңбек жолына сәттілік тілейміз. Өйткені тәуелсіз мемлекеттің болашағы Әлиядай білікті маманның қолында екені айтпаса да түсінікті.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»