Аудандық «Nur Otan» партиясының ғимаратында партияның бақылау комиссиясының кезекті жоспарлы отырысы өтті. Жиынға облыстық партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, І.Жансүгіров атындағы университеттің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Қуат Баймырзаев, облыстық мәслихат депутаты Дамир Дигай мен Сұлтан Нұрдаулетов, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков қатысты.
Күн тәртібінде ауданымызда автокөлік жолдарына жүргізілетін жөндеу жұмыстары туралы аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысының, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының есебін тыңдау және «Бесағаш», «Гүлдала» ауылдық округтері әкімдігі аппараттарында көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша есебін тыңдау туралы үш мәселе қаралды. Аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Досжанов алғашқы болып сөз алып, ауданымыздағы жолдардың жалпы ұзындығынан бастап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы аясында бөлінген 1 млрд. 503 млн. теңгенің күрделі жөндеуге, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалуын тарқата айтып берді. Талғар қаласы мен әрбір ауылдық округке қарасты ауылдардың бірқатар көшелерінің жөндеуден өткенін тілге тиек етті. Сонымен қатар көпірлердің жаңартылып, жол белгілерінің де қойылғандығын, болашақтың еншісіне қойылған мәселелер туралы да айтты. Комиссия тарапынан түскен түрлі сұрақтарға тиянақты жауап берді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дархан Тұрғанбаев ауданымыздың су желісі, ауыз сумен қамту, электр желілерін жүргізу мен газ тарту, блок-модульді қазандықтар салу, ауданымыздың сәулеттік келбетін жақсарту, көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегі бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтты. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары Майра Бекенқызы мен Гүлдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Меруерт Азилкияшева есеп беріп, ауылдық округтегі бастауыш партия ұйымының атқарған жұмыстары мен әкімшілік аппаратының көрсететін мемлекеттік қызметтері туралы баяндады. Комиссия тарапынан қойылған сұрақтарға да тұщымды жауап беріп, қызметтерін адал атқарып отырғандығын көрсетті. Күн тәртібіндегі үш мәселе де толық тыңдалған соң қаулы қабылданды. Қаулы жобасы алдын ала таратылып қойылғандықтан барлық комиссия мүшелері бірауыздан қолдады.
Бақылау комиссиясының отырысын Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қуат Баймырзаев қорытындылап, аудандық бақылау комиссиясының жұмысын жандандыруға бағыт-бағдар беріп, халық қалаулылары мен қарапайым халық арасында тығыз байланыс орнатып, халыққа жақын болу керектігін айтты. Партияның жол картасының орындалуын басты назарда ұстап, ел игілігі үшін еңбек етуге шақырды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»