Архив ұжымы акцияға үн қосты

Архив ұжымы акцияға үн қосты

«Мектепке жол» акциясы — әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардан шыққан балаларды мектепке даярлауға қолдау көрсетіп келе жатқан қайырымдылық шарасы. Елбасының оқушылардың мектепке дайындығын толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асатын акция барысында көп балалы отбасылар, жетім, жартылай жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық танытып, олардың әлеуметтік себептер салдарынан мектепке бара алмауының алдын алуға көп көмегін тигізіп келеді.

Бір айға созылатын акцияға аудандық архив қызметкерлері де белсене атсалысты. Архив директоры Күлипа Отарбаева бастаған архивистер қомақты қаражат жинап, бір оқушыны мектепке дайындады. Бұл жолы архивистер өз ұжымдарындағы көпбалалы әкеге көмек қолын созды. Атап айтқанда, архивте күзетші қызметін атқарып жүрген көпбалалы әке Ш.Сәрсенбаевтың немересіне мектепке қажетті киім-кешек, оқу құралдарын алып берді. Жандарбек Құдайбергенов есімді оқушыны сабаққа сақадай сай дайындады. Жомарт жүректі әпкелерінің қамқорлығына риза болған Жандарбек те ендігіде оқуын жақсы оқып, үлгілі бала болатына сендірді.

Әдемілік түріңнен көрінеді, қайырымдылық ісіңнен көрінеді.Еліміздің болашағы болар жас ұрпақ адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді көріп өссе, олардан жақсы азамат өсіп шығары сөзсіз. Сондықтан да, осындай игі шараға қолдау көрсеткен архивистердің қайырымды ісі көпке үлгі болғай дейміз.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»