Өмірге жолдама алар кәусар бастау

Өмірге жолдама алар кәусар бастау

Елбасының Жарлығымен бекітілген еліміздегі мерейлі мерекенің бірі – қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтілетін отбасы күні. Оны атап өту 2013 жылдан бері дәстүрге айналды. Мемлекет отбасынан басталатынын ескерсек, атаулы күнді атап өтудегі мақсат та айқын – қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, берекелі шаңырақтардың ұстанымын паш етіп, жастарға үлгі көрсету.

Талғар ауданының басшылығы, оның ішінде аудандық ішкі саясат бөлімі де  бұл күнді елеусіз қалдырмай, ұлттық ру­ха­­нилықты, өнегелілікті ту етіп, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыз­ды­лы­ғын сақтап жүрген бес отбасына сый-сияпат көрсетті. Бұл отбасылар – аудандық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында бақ сынаған 11 отбасының ішінен оза шыққандар. Олар еңбекте, спортта, зияткерлік салада жоғары жетістіктерге жетіп, қазақстандық отбасының жағымды имиджін қалыптастырып жүрген іргесі берік жанұялар. Әкімдікке шақырылған марапаттаушыларды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжан Дәу­рен­бекқызы алда келе жатқан «Отбасы күнімен» құттықтап, жарқын тілегін жолдады.

– Отбасы – Қазақстан қоғамының дің­гегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетіс­тіктердің негізі. Биік мақсаттарға ұмтылған біздің мемлекетіміздің үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін сіздердей іргесі бекем бір­тұтас отбасылар. Қазір қоғам жедел дамып жатыр. Осындай сын сәтте туған жерді қастерлеу, ұлттық дәстүрді ұлықтау, тілін, дінін сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтарын атадан-балаға жеткізіп отырған сіздерге мың алғыс. Осындай шаңырағы шайқал­маған берекелі отбасылар жастарға үлгі-өнеге болуы керек, — деген бөлім басшысы отбасы институтының ел идеологиясына ықпалы зор екендігін айта кетті. Сол жолда табандылықпен тер төгіп, үзіле бастаған рухани сабақтастықты жалғап жүрген отбасыларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен сый-сияпатын көрсетті. Құрметке лайықтылар деп Талғар қала­сынан Асқар­бековтер, Саймовтар, Бозым­беков­тер, Бесағаш ауылынан Бекеновтар, Талдыбұлақ ауылынан Талғарбаевтар отбасы таңдалыныпты.

– 2001 жылы шаңырақ көтердік. Бүгінде алты ұлдың ата-анасымыз. Бала­ларымыздың алды студент. Жалпы қазақ­та отбасының мәртебелі маңызы ешқашанда төмендеген емес. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», «Тәрбие басы – тал бесік» деген сияқты тәмсілдер арқылы отбасы сөзінің мән-маңызын арттырып отырған. Сондықтан отбасы – әр адам баласының өмірге жолдама алатын кәусар бұлағы, арқа сүйер алтын діңгегі екенін ұмытпағанымыз жөн, — дейді көпбалалы ата-ана Тимур Саймов пен Базаргүл Қойланова ризашылықтарын білдіріп.

Қатыгезденіп бара жатқан қоғамда тәрбиелі істерін сөзбен емес, іспен дәлел­деп жүрген ата-аналардың толымды тірлігіне көңіл сүйсінді. Мәңгілікке қа­дам басқан ұлттың туын түсірмейтін өрелі ұрпақты өсіріп отырған ұлағатты отбасылардың бар екенін көріп
көңіліміз тоғайды.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»