Тәртіпке бағынған құл болмайды

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Сексен мыңға жуық халқы, қарбалас өмір салты бар қаламыздың ахуалы темірдей тәртіпті талап етеді. Көші-қоны көп аудан халқының саны жыл сайын артып келе жатқанына көшедегі көлік кептелісі мен қала маңайында бой көтеріп жатқан жаңа аудандар дәлел. Ал бұл факторлар ішкі тәртіпке өз әсерін тигізері анық. Бұдан бөлек қазіргідей ақпараттар ағынының сүзгісіз халыққа ұсынылуы қауіптің қайдан келерін болжауға мүмкіндік бермейді. Күнделікті естісең есің кетіп, жәйін білсең жаға ұстатар жаңалықтардың ішімізден шықпасына кім кепіл? Бұл жайында халқымыз­дың «Нәпсі күшейген жерде заң қатаюы керек» деп орынды айтқаны ойға оралады.

Осы ретте заң бұзушылықтың зардабына дейін жеткізбей жұмыс жасауды мақсат тұтқан Алматы облыстық полиция департаменті және аудандық полиция басқармасының мұрындық болуымен Талғар қаласында жаңа жүйе орнамақ. Бұдан былай Талғар қаласы көшелерінде полиция қызметкерлерімен қатар «Ұлттық Ұлан» 6654 әскери бөлімшесінің сарбаздары қоғамдық тәртіптің бұзылмауын бақыламақ. Қыркүйек келіп бала атаулының мектепке ағылатын тұсында осындай күшейтілген тәртіптің орнауы бірінші кезекте ата-аналар үшін зор қуаныш болып отыр. Кештетіп жұмыс жасайтын жаяу патрульдік кезекшілік, кестеге сай аптаның сәрсенбі және сенбі күндерінің аралығында 18.00-ден 23.00-ге дейін қала көшелерін бақыламақ. Аталған игі шара бастауын алған салтанатты жиынға Алматы облысы ПД ЖПҚБ басшысы, полиция полковнигі Бағдат Бақбергенұлы арнайы келді. Сонымен қатар Талғар аудан әкімінің орынбасары Ермек Толқынов та аталған жиынға қатысып, мұндай жүйелі жұмыстың жеміс беретініне сенімі мол екендігін жеткізді. Өз кезегінде облыстан келген басқарма басшысы: «Біз азаматтардың құқықтық тәртіпті қорғауға қатысуына ерекше назар аударамыз. Тәжірибе көрсеткендей, полиция мен қоғамның мұндай өзара іс-қимылы өз жемесін береді. Бұл бастаманы жобалауға қоғамның 45 өкілі қатысты. Бүгінгі күні барлық полиция қызметкері соңғы техника бойынша жабдықталған. Полицейлердің материалдық-техникалық базасы мен киім-кешегі, қолдарындағы құрал-жабдықтары, қылмыс­тың алдын алуға мүмкіндік береді»,- дей келе сапта тұрған сарбаздарға сәттілік тіледі. Жиын соңы әскерилердің шеруімен жалғасты.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»