Жолдау зор міндет жүктеді
Жаңа апта басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау мақсатында аудандық актив жиналысы өтті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттары, қала және ауыл әкімдері, мекеме, кәсіпорын, комитет, басқарма, бөлім басшылары, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары, БАҚ өкілдері, жастар, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Осы аталған азаматтардың басым көпшілігі ZOOM желісі арқылы қосылды. Күн тәртібіне «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы атқарушы органдарының міндеттері туралы» мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге орай аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ермек Толқынов баяндама жасап, Жолдаудағы атқарушы органдарға жүктелген міндеттер туралы айтты.
– Мемлекет басшысының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында жасаған бұл Жолдауы басымдықтарды айқындап, мемлекет пен қоғамның әрі қарай даму бағытын белгілеп қана қоймай, сонымен бірге осы жылдар аралығында жүріп өткен жолымызды да қорытындылайды. Жолдау бүкіл әлемді жайлап, елімізді әбігерге салған коронадағдарыс уақытында, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы нашарлаған және наразылық көңіл-күй артқан күрделі жағдайда жасалып отыр. Ауғанстаннан мыңдаған босқындар өз үйлерін тастап кетіп жатқанын көріп отырмыз, бұл, әрине, Орта Азия өңіріндегі және жалпы біздің еліміздегі ахуалға да әсер етпей қоймайды. Мұндай күрделі жағдайда Мемлекет басшысының Жолдауы басымдықтарды айқын белгілеп, қазіргі сын-қатерлерге нақты жауап беріп отыр. Пандемия жағдайында халық табысын арттыруға және тұтынушылық сұранысты ынталандыруға бағытталған 5 бастамасының дер уақытта ұсынылып отырғанын да атап өткен жөн,- деп сөзін бастаған Ермек Маңғазұлы аудан тұрғындары арасында Жолдауды насихаттау ісіне үлкен көңіл бөлініп, атқарылатын жұмыстардың арнайы кестесі бекітілгенін алға тартып, Жолдауды іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдармен жүргізілуі тиіс жұмыстарға тоқталды. Жолдаудың арқауы болған жеті мәселе төңірегінде сөз қозғап, атқарушы билік өкілдеріне тапсырмаларын жүктеді. Пандемиядан кейінгі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығындағы тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, ұлттың ұйысуы-одан әрі дамудың басты факторы бойынша ауданымызда атқарылып жатқан ауқымды істер жайын тілге тиек ете кетті.
Бүкіл әлемді жайлаған пандемияның денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болғанын айтқан Мемлекет басшысы елімізде індеттің беті әлі қайтпағанын айтқан еді. Біздің ауданымызда 19 екпе пункттері демалыссыз жұмыс жасап, 40 375 азамат «Спутник-V» вакцинасының бірінші компонентін, 34 896 адам екінші компонентін алғанын, «Хайат ОА» вакцинасын 2200 адам бірінші, 2180 адам екінші компонентін алғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Короновак» вакцинасының бірінші компонентін 2400 адам, екіншісін 2348 адам, «Казвак» вакцинасының бірінші компонентін 668 адам, екінші компонентін 379 адам, «Синофарм» вакцинасының бірінші компонентін 1181 адам ектірген. Екінші компонентін егетін уақыт әлі келмеген. Халықты екпе алуға үндейтін түрлі шаралар жүзеге асып жатқанын да айтып өтті баяндамашы.
Содан кейін білім саласына ауысып, балалардың биылғы оқу жылын дәстүрлі режимде басталғанын айтып, балалар қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыстар легіне тоқталып өтті. Ауданымыздың барлық мектептерінде санитарлық нормалар сақталып, 46 туннел, 44 дана тепловизор, 44 дана кілемшелер, 44 дана кварцты шамдар, 1013 литр антисептик, 428 келі хлор сатып алынған. «Ashyq» бағдарламасына 43 мектеп пен 154 балабақша тіркелген. 2021-2022 оқу жылына қосымша 20,2 млн. теңге қаражат бөлініп, оған 13 дана туннел, 118 дана тепловизор, 1107 дана санитайзер, 1695 дана кілемше, 9120 литр антисептикалық сұйықтық, 149 дана кварцты шамдар сатып алу жоспарланып отырғаны да айтылды.
Пандемияның еңбек нарығына да едуір кесірі тигенін айтқан Ермек Маңғазұлы ауданымызда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айта кетті. Үстіміздегі жылы кәсіптік оқытуға 204 адам жіберілсе, 144 адам «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Сомасы 52,5 млн. теңге болатын 200 АЕК мемлекеттік грантын 90 адам ұтып алып шағын кәсібін бастаса, 46 адамға 245,3 млн. теңге көлемінде шағын несие берілген. Жастар тәжірибесі бойынша 79 адам жұмысқа алынып, әлеуметтік жұмыс орындарына 73 адам жолданған. Қоғамдық жұмыстар 926 адам тартылған. Ұрпақтар келісімшарты бойынша 3 адам қамтылған. 853 адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған. Ауданымыздағы ұлтаралық тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті тілге тиек еткен Ермек Маңғазұлы баяндамасының соңында бес бастамаға тоқталып, халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп, нақты шаралар аясында жұмыс жасайтынын жеткізді.
Келесі кезекте жарыссөзге шыққан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы да Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында көтерілген мәселелер мен бастамалар төңірегінде сөз қозғап, ойымен бөлісті. Жиылған көпшілік ендігі міндет жұмысты жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру екенін айтып тарасты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».