Марғұлан мұрасы – рухани мұра

Марғұлан мұрасы –  рухани мұра

Халықтың бай мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық сана сезімін дамыту мен бекітуге бағыттылған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар ауданымызда толастаған емес. Бұл бағдарлама   рухани-өнегелілік құндылықтардан тұрып, ол бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жай өтіп ғана қоймай, оларды жоғалтып алмас үшін, ұлттық, мемлекеттік масштабтағы үлкен күш пен құралдарды салуды талап ететіндіктен осы межедегі жұмыстардың тұраламауы да дұрыс. Осы бағыттағы бастамаларын күн тәртібінен түсіріп көрмеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапхананың ұйымдас­тыруымен жуырда тағылымды да тәлімді кештің куәсі болдық.

Рухани ордаға ғұлама ғалым, академик, қазақ археология мектебінің негізін салу­шы Әлкей Марғұланның қызы, Қаныш Сәтбаевтың жиені Данель Әлкейқызы бас сұғып, оқырмандармен кездесу өткіз­ді. Кешке бөлім басшысы Фарида Мамырбек­қызы мен кітапхана директоры Махамбет Хармысовтан бөлек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф Нұрлан Сәрсенбаев, аудандық қоғамдық келісім ұйымының төрайымы Жұмағыз Бұтабаева, аудандық Мәдениет үйінің директоры Кеңес Баймұханов пен кітапхана және мә­дени қызметкерлер қатысты. Шараны ұйым­дас­тырушы – оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева ұлттық стратегиялық жоба – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көрнекті археолог-ғалым, тарихшы, әдебиет танушы,этнограф, шығыстанушы, филолог, академик Әлкей Хаканұлы Марғұлан оқырмандар шығармалары үлкен сұраныс туғызып жатқандығын айтып, бағдарлама аясында жарық көрген 14 томдығы туралы сөз қозғады. Сөзінің дәлелі ретінде «Дара тұлға» атты кітап көрмесіне қойылған ғалымның еңбектерімен және оның өмірі мен қайраткерлігіне арналған кітаптармен таныстырды.

Кездесу қонағы болған Данель Әлкейқызы әкесі жайлы сыр шертіп берді.

— Әкем Әлкей Марғұлан өмірінің барлық сәулелі сәттерін ғылыми зерттеулеріне арнады. Ол кісіні ұлы ғалым, ғажайып тұлға ретінде ғылыми орта әлдеқашан мойындаған. Киелі қазақ топырағының рухани кеңістігін зерттеуде алғашқылардың бірі болып тарихтың сан ғасырлар бойы жасырын жатқан құпияларын ашты. Марғұлан еңбектеріндегі әлем мәдениеті мен қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарының үйлесімі іргелі еңбектерінің негізіне айналды,- дей келе шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Марғұлантану бағытында тың ізденістер жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Меруерт Бөлек,
«Талғар»