«Әліппені» әкімнің қолынан алды

«Әліппені»  әкімнің   қолынан   алды

Бұрынғы дәстүрге сай 1 қыркүйек –«Білім күні» мерекесінде ауданымыздағы барлық мектептерде салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. Салтанатты шара биыл тек бірінші сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер үшін ғана ұйымдастырылды. Бұл да сақтық шараларының бірі болғандықтан бүлдіршіндерді мектеп кемесіне ата-анасының біреуі ғана жетектеп келуге рұқсат етілген еді. Ауданымыздағы барлық мектептер оқу жылына үлкен дайындық жасады. Барлығы санитарлық нормаларға сай жабдықталды. Мектеп табалдығырығынан бастап тунелдер арқылы дезинфекция жасалып, бетпердемен қамтамасыз етіліп, әр сыныпқа санитайзерлер қойылған. Сыныптарда арақашықтар сақталған.

Сол білім кемесінің бірі — шалғайдағы Дәулет ауылындағы №11 орта мектепке арнайы барған аудан әкімі Қайдар Әбдіханов балаларды білім күнімен құттықтады. Екі жыл бұрын ғана бой көтеріп, ел игілігіне берілген білім ордасы ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келе жатқан мектептердің бірінен. Қайдар Әлиханұлы ең алдымен мектепті аралап көріп, жоғарғы сыныптардың оқу процесін бақылады. Спорт залы, ойын алаңдарындағы мердігерлер жұмысының олқылықтарын назарға алды.

Содан кейін мектеп табалдырығынан тарыдай болып аттағалы отырған бүлдіршіндердің салтанатты жиынына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, әліппелерін тарту етті. Бұл білім ордасында 621 оқушы білім алады. 37 сынып комплектісі жабдықталған. 3 мектепалды даярлық тобы бар. Балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында 79 мұғалім еңбек етіп жүр. Олардың басым бөлігі тәжірибелі ұстаздар. Мектеп табалдырығын аттаған балалар үш сыныпқа жинақталған.

Салтанатты шара барысында мемлекеттік Туымыз ортаға еніп, Әнұранымыз шарықтай шырқалды. Балалар да өз кезектерінде тақпақтарын айтып, әндерін орындады. Мың бұралған билерімен көпшілікті тәнті етті. Кішкентай балдырғандарды аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы өзі бастап сыныптарына жетелеп барып, партасына отырғызып, ақжарма тілегін арнап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Перизат Ауғанбайқызы,
«Талғар»