ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
Жаһанды жайлаған тәжвирус дүниежүзі елдеріне оңай соқпай тұр. Қазіргі уақытта індеттің өршуі бәсеңдеп, тұралаған экономика жанданып, дами түсті. Десек те коронавирус пандемиясының толқыны қайта ұрып, вирустың мутацияланған түрлері халық үрейін қашырып, денсаулықтарына зиянын келтіріп, өмірлерін қиюда.
Мемлекет басшысының алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауы қауіптің негізгі толқынын қайтарғанымен зардабы түбегейлі жойылған жоқ.
Әлемді әбігерге салған індетпен арпалыс әлі күнге сейілер емес. Мамандар кез келген уақытта оның қайта өршу мүмкіндігі барын ескертіп отыр. Ендеше әлі де алдымызда атқарылар қыруар шаруалар бары белгілі. Талғар ауданында да вирус жұқтырып, ем алып жатқандар аз емес. Орталық аурухананың инфекциялық аурулар бөлімі мен Панфилов ауылындағы ауруханада да ем алып жатқан науқастардың саны артуда.
Күні кеше аудандық орталық ауруханаға сенімгерлік басқарумен басшылық етіп отырған «А-Сlass Medical» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданымызда медициналық көмек сапасын жақсарту мақсатында Талғар қаласынан коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдейтін жаңа инфекциялық орталық ашты. Қаламыздағы Қарасай батыр көшесінің бойынан ашылған жаңа орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Қайдар Әбдіханов пен орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Хасен Дасибеков, «А-Сlass Medical» ЖШС-нің басшылық құрамы толық қатысты.
Еліміздегі короновирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны артып, эпидахуалдың шиеленісіп тұрғанын ескерген «А-Сlass Medical» ЖШС-інің басшылығы ауданымызға инфекциялық орталықтың қажет екенін ескеріп, зәулім ғимаратты өз қаражаттарына сатып алып, толықтай жабдықтады. 120 орынға арналған орталықтың әр палатасында су жаңа төсек-орын, тоңазытқыш пен желдеткіш қойылған. Тіпті жуынатын бөлмесі де талапқа сай ыстық-суық суға қосылып, науқастың жуынып-шайынуына қолайлы. Сонымен қатар науқастарға тамақ жылыту үшін микротолқынды пеш пен шәй ішкендеріне үлкен термошәйнектер қойылған. Nаза су ішіуі үшін диспенсерлер де орнатылыпты. Ең бастысы әр палатада, тіпті, әр науқастың төсегінің жанына «Боброва» аппараттары, яғни кислород аппараттары қойылған. Оның сыртында ауыр науқастарға арналған «Хайфлу» аппараты мен «Нивл» аппараттары сатып алынған. Орталықтың бірінші қабаты ауыр науқасды емдеу үшін жасақталса, қалған екі қабатта орта деңгейдегі науқастар ем алады.
-Үш мезгілдегі тамақтану мәселесін де серіктестік өз қаражатынан шешіп отыр. Ал енді орталықты дәрі-дәрмекпен қамтуға келсек, коронавирус індетін емдеуге арналған препараттар, одан басқа да ем-домға арналған дәрілер толықтай сатып алынған. Сырқат жанның жанына дауа болып, ем-дом жасайтын 20 дәрігер мен 25 медбике бүгінде өз жұмыстарына кіріскен. Қазіргі күні орталыққа аудандық аурухана мен Панфилов ауылындағы ауруханадан науқастарды көшіру басталды. Орталық аудандық ауруханада вирус жұқтырған науқастарға арналған отыз орын сақталып қалады. Себебі, жан сақтау бөлімі тек орталық ауруханада болғандықтан жағдайы қиын сырқаттарға алдымен сол жерде көмек көрсетеміз,- дейді«А-Сlass Medical» ЖШС-і директорының орынбасары Алима Көпбаева.
Аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы орталықты түгел аралап көріп, ел игілігі үшін осындай зәулім орталық ашып жатқан «А-Сlass Medical» ЖШС-нің басшылығы алғысын білдіріп, ел амандығы жолындағы еңбектеріне табыс тіледі. Ең басты көптің тілегі аты жаман індеттің артта қалып, мамыражай өмірге оралуымыз еді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»