Ядролық қару – ғасыр қасіреті

Ядролық қару – ғасыр қасіреті

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл 30 жыл толды. 40 жылдан астам уақыт халыққа зардабын тигізген полигон  Елбасының бастамасымен 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Осылайша егемендігін енді алған Қазақстан бүкіл әлемге ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан бейбіт өмірдің жаршысы ретінде таныла бастады. 29 тамыз –  тарих бетіне халыққа қасiрет пен үміт сыйлаған күн ретінде жазылған еді. 1949 жылы 29 тамызда полигонда алғашқы сынақ жасалса, 42 жылдан кейiн дәл сол күнi елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Бүгінде бүкіл әлем осы күнді Халықаралық ядролық сынаққа қарсы iс-қимыл күнi ретінде атап өтіп келеді.

Осы айтулы датаға орай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Қайдар Әбдіханов Семей полигонының ардагерлерін қабылдады. Игі шарада алғашқы сөзді аудан басшысы алып:
— Тәуелсіздікті ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау жөніндегі бейбіт ұстаныммен қарсы алуымыз Елбасының саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқаны анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихта тұңғыш рет ядролық полигонды өз еркімен жабу жөнінде парасатты шешім қабылдауы арқылы әлемдегі қауіпсіздікті және бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Оның осы батыл әрекеті әлем тарихында жарқын бет ретінде мәңгі қалатыны сөзсіз,- деген Қайдар Әлиханұлы қазақ даласына үлкен қасірет әкелген – Семей полигонының сынақтары тоқтаса да, зардабын адамзат осы уақытқа дейін тартып келе жатқанын айтты. Игі шараға келген бірқатар ардагерлерді аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, сый-сияпатын табыс етті. Одан кейінгі сөзді алған «Семей полигонының мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Талғар ауданы бойынша төрағасы Нұрлыбай Мусапиров халықты қан қақсатқан полигонның зардабы туралы айтып, ардагерлерге үнемі қолдау көрсетіп жүрген аудан әкімі Қайдар Әлиханұлына, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжан Айтқожақоваға, аталмыш бөлімнің бас маманы Гауһар Сәлімбаеваға бірлестіктің «Алғыс хатын» табыс етті.

Игі шараны ауданымыздың мәдениет саласының әншілері мен бишілері рухты әндерімен, толқынды билерімен әрлеп, қысқа көрініспен ядролық сынақтан зардап шеккен жасөспірімдерді бейнелеп берді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»