Жанашырлыққа жан риза

Жанашырлыққа жан риза

Ауданымыздағы ұйғыр ағайындардың қайырымдылық істегі белсенділігі жан жадыратады. Аудандық ұйғыр этно-мәдени орталығының ұйымдастыруымен түрлі қайырымдылық шаралары өтіп жүргенін көзіміз көріп жүр. Жуырда ғана балаларға қуаныш сыйлап, мерекелік шара өткізсе, ендігі кезекте қарттарға көңіл бөлуде.

Өткен аптада аудандық ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Имин Тохтахунов Талғар қаласының бір топ белсенді азаматтарының басын қосып, Талғар қаласының тұрғыны, қарт ана Мария Дмитриеваны100 жасқа толған мерейлі күнімен құттықтап қайтты. «Тілі басқа болса да тілегі бір, ұлты басқа болса да жүрегі бір» демекші,басқа ұлт өкілі болса да Мария апамызға қамқорлық жасап, жыл сайын Халықаралық әйелдер күні мерекесінде, қазан айындағы Қарттар күнінде, мамырдағы Жеңіс күнінде сый-құрметтерін көрсетіп, қарт әжейдің көңілін көтеріп, қуаныш сыйлауға дайын тұрады. Басқа күндері де ананың үйіне бас сұғып, хал-жағдайын сұрап, үй тірлігіне қол ұшын беріп жүретіндері тағы бар.

Ал бұл жолғы басқосу қарт ана үшін тіпті ерекше күн болды. Себебі, Мария апамыз ғасыр жасап, жүз жасқа толды. Имин Тохтахунов бастаған ұйғыр этно-мәдени орталығының мейірімді жандары Мария ананың қуанышына ортақ болды. Талғар қаласы ұйғыр этно-мәдени орталығының ақсақалдар алқасының төрағасы Хамра Амаров, жұбайы Райхан Амаровамен, жігітбасы Ярмухамед Кабулов, әйелдер төрайымы Бухельчам Оразахунова,ақсақалдар алқасының мүшесі Пидамухамед Юсупов,Талғар қаласының ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің басшысы Гюзель Хасановалар Мария анамыздың үйінде өздері ақ дастархан жайып, мерейтойды атаусыз қалдырмады. Дастархан басына жайғасқан көпшілік емен-жарқын әңгіме құрып, дәмді астан ала отырып, ғасыр жасаған қарияға ақжарма тілектерін арнады. Мария Дмитриева да өз кезегінде өзіне қамқорлық танытып жүрген азаматтарға алғысын жаудырып, жасаған сый-сияпаттарына риза болып қалды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»