Өңір басшысы есеп берді
Апта басында жетінші шақырылған Талғар аудандық мәслихатының кезекті он бірінші сессиясы өтті. Сессияға аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібеков өзі төрағалық етіп, аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, аудан әкімінің орынбасарлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кезекті сессияның күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Талғар ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы» есебіне кезек берілді.
«Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18-қаңтардағы № 19 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Қайдар Әбдіханов өзіне жүктелген функциялары мен міндеттері туралы есепті баяндамасын жасады. Жыл басынан бергі атқарылған әлеуметтік – экономикалық көрсеткіштерді саралай келе, аудан экономикасында қол жеткізген жетістіктерге тоқталған аудан басшысы бюджет қоржынына түскен салық түсімі 37,5 млрд. теңгені құрап, жоспардың 101,9 пайызға орындалғанын айтты. Оның ішінде республикалық бюджетке 26,0 млрд. теңге, жергілікті бюджетке -8,4 млрд. теңге түсім түскен. Қайдар Әлиханұлы өз баяндамасында аудан бюджетінің шығыс бөлігінің орындалуы жайлы да сөз қозғап, ауданымыздың ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктерді тізбектей жеткізді.«Баймене» ЖШС, «ҚазНАУ» ЖШС, «Байсерке – Агро» ЖШС, «Нұрбеков» ШҚ сынды ірі ауылшаруашылық нысандарының жаңа жобалары мен оған жұмсалатын қаржы мөлшері, ашылатын жаңа жұмыс орындары туралы да айтып өтті. Есепті баяндама барысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 1,6 млрд. теңге тұратын 15 жоба мақұлданғаны да айтылды. Оның ішінде құрылыс заттарын өндіретін, жиһаз шығаратын, ірі-қара мал өсіретін, дәнді дақылдарды өсіру, етті қайта өңдеу және консервілеу сынды түрлі бағыттағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілмек. Аудан басшысы 47 елді мекеннің 44-інде ауыз су жүйесі орталықтандырылып, көшелерді жарықтандыру мен аулаларды абаттандыру жұмыстарына қаражат бөлініп, жұмыстар жасалынып жатқанын, 29 елді мекен толықтай көгілдір отынға қосылғанын, бүгінгі таңда 6 елді мекеннің ЖСҚ-ы қарауда жатқанын да жеткізді. Үстіміздегі жылы жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен 539,5 млн. теңге бөлінген. Аудан басшысы жоспарланған көшелердің жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әрі межеленген уақытында аяқталатынына сендірді. Сонымен қатар Қайдар Әлиханұлы ауданымыздың білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік көмек, жастар саясаты мен құқық қорғау салаларындағы атқарылып жатқан ауқымды істерді де тілге тиек етті. Халық қалаулыларына алда тұрған мiндеттері айқын, мақсаттары зор екенін айтқан аудан басшысы аудан халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған мемлекет басшысының тапсырмаларын қысқа мерзім ішінде сапалы да тиянақты орындап, әлі де түйіні түйдектелген мәселелерді бірлесе шешетінін айтып баяндамасын аяқтады. Баяндамашыны мұқият тыңдаған депутаттар өздерін толғандырған түрлі сұрақтарын қойып, тиянақты жауаптарын алды. Әрі аудан әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» бағаларын берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Талғар ауданының 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті туралы» Талғар аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы № 69-281 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Бахытгүл Әбілғазиева баяндама жасап, шешім жобасы депутаттарға алдын ала таратылып берілгендіктен өзгерістер енгізу мәселесі бірауыздан қолдау тапты.
Күн тәртібіндегі келесі үшінші мен төртінші мәселелер «Талғар ауданы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» және «Талғар ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» барлық материалдармен халық қалаулылары алдын ала таныстырылғандықтан екі комиссияның құрамын бекіту туралы ұсынысты көпшілік қолдады. Сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер толық қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.Сессияның жүргізілуіне байланысты сын-ескертпелер айтылған жоқ.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»