Зор жауапкершілікті арқалап, он жылға жуық уақыт бойы халыққа қалтқысыз қызмет еткен Қуатбек Смағұловқа Алатау ауылдық округінің жұртшылығы дән риза. Қуатбек Нығметұлы Алатау ауылдық округінің үлкенді-кішілі мәдени, саяси-экономикалық өмірін жетік біліп, аймақты жан-жақты өрге сүйреу жолында табанды еңбек етіп келді.Округке қарайтын ауылдардың жолдары, ауыз суы мен жарығы, байланыс, бәрі-бәрін ауыл әкімі өз қадағалауында ұстайтын. Денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы мен балалардың білім алуы мәселесі, көпшіліктің рухани өмірінің деңгейі де әкім назарында болушы еді.
«Көшбасшы болмаса, ел оңбайды» дейді көреген халық. Әкім болу әр адамның ісі, ал халқына жақын болу нар адамның ісі. Сондай нар тұлғалы азамат, ел қамын ойлаған адал жан Алатау ауылдық округін басқарған Қуатбек Нығметұлы әкімдік өкілеттілігінің аяқталуына байланысты басқа жұмысқа ауысып жатқанынан хабардар едік. Жуырда Қызыл-Қайрат ауылындағы ауыл әкімдігінде ауылдық округтің қоғам белсенділері жиналып, Қуатбек Смағұловты шығарып салу салтанатын өткізді. Ауданымыздағы карантин шараларының күшеюіне байланысты жиынға санаулы азамат қана жиналды. Атап айтқанда, Алатау ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы сы Жақсылық Ташкеев, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Мырзабек Парманов,Талғар ауданы Мәдениет Үйінің директоры,Мәдениет майталманы Кеңесбек Баймуханов, Талғар аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Имин Тохтахунов, Талғар ауданы ұйғыр этномәдени орталығы жанындағы ұйғыр әйелдерінің төрайымының орынбасары Гульбанум Бакиева, Алатау ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы Алтайхан Қыдырбаева, Қызыл-Қайрат ауылы ұйғыр этномәдени орталығының жігіт басшысы Тохтахун Ибрагимов, Қызыл-Қайрат ауылдық түрік бірлестігінің төрағасы Магамед Тураманов, Қызыл-Қайрат ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Даша Қожабекова,Қызыл-Қайрат ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрдәулет Қожахметовтер арнайы келді. Жиналысқа қатысқан әрбір ауыл тұрғыны ауыл әкімі Қуатбек Нығметұлының ел басқанған он жылдағы еңсерген шаруалары, ел игілігі үшін атқарған ауқымды істері туралы айтып, ақжарма тілектерін арнады. Ауыл әкімінің өз міндетіне кіріскен алғашқы күнінен бастап, елімен бірге жүріп көптеген түйінді мәселелерді қалай шешкендерін есіне алып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қаныққандықтарын жеткізді. Ауылдық округті өркендету жолындағы еңбегін жоғары бағалап сый-құрметтерін көрсетіп, иығына зерлі шапан жауып алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Қуатбек Нығметұлы да өз кезегінде ауылдың қоғам белсенділерінің арқасында талай істі еңсеріп, ауылда татулықты ту етіп, көп ұлтты халықтың бірлігін сақтап келгенін тілге тиек етіп, алғысын жаудырды. Міне, «халқына жақын әкім» деген тәмсіл осындай билік пен халық арасындағы байланыстың беріктігінен айтылса керек.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»