Ағылшын тілін білу – уақыт талабы
«Талапты жанға нұр жауар» деп тегін айтылмаған. Бүгінде жеке кәсібін ашып, өзіне ғана емес қоғамға пайда келтіріп отырған жандарға мемлекет тарапынан кең қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз грант та, төменгі пайызды несие де беріліп жатыр.
Әңгімемізге арқау болып отырған Наурызбай Абдрасил ағылшын тілін оқыту орталығын ашып, жас өрендерді уақыт талабына сай білім биігіне жетелеп жүрген білікті маман. Наурызбайдың шет тілін меңгеруге деген ынта-ықыласы, қабілеті бала күнінен-ақ байқалған. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ зейінді бүлдіршіннің ағылшын тіліне деген қызығушылығы өз бетінше ізденуге, талаптануға жол ашқан. Баласының бойындағы осы бір қасиетті байқаған ата-анасы да таңдауын қоштап, талабын ұштап отырған. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған ол 2012 жылы жанына жақын мамандықты таңдап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Аударма ісі» факультетіне түсіп, оны 2016 жылы бітіріп шығады. Тілдік ортаның қаншалықты маңызды екенін түсінген жігерлі жас «Work and travel» бағдарламасы бойынша мұхит асып Америкаға жол тартады.
Онда болған екі жыл жеті ай уақыт ішінде жұмыс істей жүріп, тілдік ортада әбден бейімділіп үлгереді. Анасының өтініші бойынша елге оралған ол әрі қарай да білімін ұштауды көздеп 2019 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде игерген мамандығы бойынша магистратураны тәмамдайды. 2019 жылдың шілде айында «Skyteach u Cambrid Assessment Enqlish» дүниежүзілік онлайн форматта ағылшын тілін оқыту платформасы ұйымдастырған ағылшын тілі мамандарының халықаралық олимпидасына қатысып арнайы сертификат алады. Сонымен қатар 2020 жылы Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің ұйымдастыруымен «Білім берудегі онлайн және офлайн оқытудың ерекшеліктері, артықшылығы мен кемшіл тұстары» тақырыбында өткен дебатқа қатысып, сертификат иеленеді. Бұл таңдаған мамандығының қыр-сырын игерудегі ізденіс пен ұмтылыс жолындағы қадамдарының бір жұрнағы ғана. Осылайша алған білімі мен жинақтаған тәжірибесін кәдеге жаратып, жанына жақын іспен шұғылдануды ойлаған Наурызбай Абдрасил ағылшын тілін оқыту орталығын ашып, бүгінде ынталы жастардың «жаһандық тілді» үйренуге деген талпыныстарына қанат бітіріп келеді. Әрине, қандай да істі бастау үшін ең алдымен ниет пен ынта-ықылас, табандылық керек. Одан соң істі жүргізудің тиімді тәсілін білу маңызды. Ол үшін кәсіпкерлік әліппесін үйреніп, іс тетігін игеру керек. Біздің кейіпкеріміз де мемлекеттік бағдарлама аясында «Бастау бизнес» бір айлық курсты оқып, өзінің бизнес-жобасын ойдағыдай қорғап шыққан жан. Соның нәтижесінде биылғы жылдың шілде айында 583400 теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, орталығының материалдық-техникалық деңгейін нығайтты. Бөлінген қаражатқа ноутбук,телевизор, аудиосистема және маркерлі тақта сатып алған. Екі жылға жуық жұмыс жасап келе жатқан орталықта білім алған 150-ге жуық жастар оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Сабақ аптасына екі рет 90 минуттан ауыз екі сөйлеу, тыңдау, жұптасып әңгімелесу, топпен және оқытушымен әңгімелесу, мәтіндер жазу, оқу, ойын сабақтары, тіпті табиғат аясына серуен түрінде де өткізіледі. Бағасы қол жетімді, айына 12 мың теңге. бір отбасынан екі бала қатысатын болса, жеңілдік те қарастырылған. Тіл үйрету барысында видео, аудио, иллюстрациялық материалдар кеңінен пайдаланылады. Бір топта 6-8 оқушы қамтылған. Ең бастысы баланың еркін дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше мән беріледі.
-Бүгінде шет тілін білу сән емес, уақыт талабы. Ана тілімізді ардақтап, жетік білумен қатар өзге тілдерді де оқып-үйрену жастардың болашағы үшін ғана емес, тұтастай еліміздің де кемелді келешегінің кепілі. Сондықтан да жастарымыз бәсекеге қабілетті жан-жақты болуға, тіл үйренуге талпынуы керек. Әсіресе алты құрлыққа кең тараған ағылшын тілін білуі өте маңызды,-дейді маман. Ағылшын тілін оқыту орталығы жайлы толық мағлұматты Instagram әлеуметтік желідегі @mlctalgar парақшасынан көруге болатынын да еске салды.
Дана халқымыз: «Асыл-тастан, ақыл-жастан» деп тегін айтпаған. Бүгінде жеке кәсібін шыр айналдырып отырған білікті де білімді маман Наурызбай Абдрасилға алдына қойған мақсаттарына қол жеткізіп, армандары орындала берсін деп тілейміз.
Райхан Азимова,
«Талғар».