Турнир татулықты ту етті

Турнир татулықты ту етті

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осы ұлы датаны ұлықтау мақсатында елімізде түрлі игілікті шаралар жүзеге асуда. Талғарлықтар да осы ұлы көштен қалмай Тәуелсіздігімізді тәу ететін түрлі шараларды жүзеге асыруда. Жуырда аудандық ұйғыр этномәдени орталығының мұрындық болуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған турнир өтті. Футболдан жасөспірімдердің облыстық турнирін аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің Спорт комитетінің басшысы Салайдин Самахунов ұйымдастырған еді. Аталмыш шара Гүлдала ауылындағы «Тұрсынбала» спорт комплексінде өткен болатын. Турнирді аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің басшысы Имин Тохтахунов ашып, облыс бойынша көк алаңда бақ сынауға келген 8 команданың ойыншыларына сәттілік тілеп, ақжарма тілегін арнады.

Жастарды салауаттылыққа тәрбиелейтін игі шараға демеуші болған республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің Спорт комитетінің басшысы Акрям Нурдунов, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қоғам бірлестінің вице президенті Турсун Разиев, ұйғыр Жазушылар одағының басшысы Абдулахат Долатовтар да бой көрсетіп, аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің әйелдер төрайымының орынбасары Гульбанум Бакиева және ауылдардағы жігіт басылары, ауыл белсенділері қатысты. Қызықты да тартысты өткен ойынның нәтижесі де шығып, шаршы алаңда ала допты шебер домалата теуіп, өзгелерден озық ойын көрсеткен командалар да анықталды. Ойын соңында қырағы көз қазылардың шешімімен жүлделі орындар тағайындалды. 9-10-11жастағы балалар арасындағы ойында1 орынға «Ташкенсаз» футбол командасы лайық болса, 2 орынды Бесағаш ауылының «Сұңқар» футбол командасы жеңіп алды. Ал 3 орынды Гүлдала ауылының «Тұрсынбала» футбол командасы иеленді. 12-13 жастағы балалар арасында өткен ойында Гүлдала ауылындағы «Тұрсынбала» футбол командасы жеңімпаз болса, «Ташкенсаздықтар» 2 орын, «Сұңқарлықтар» 3 орынға ие болды. Сонымен қатар ойын барысында белсенділік танытып, ерекше көзге түскен Бейбарыс Нұрланұлы, Тимур Исинбеков, Расим Ибрагимовтар «Үздік ойыншы» атанды. Жеңімпаздарға турнир демеушілері тарапынан «Құрмет грамоталары» мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»