Талғарда карантиндік шаралар күшейтілді!

Талғарда карантиндік  шаралар күшейтілді!

Елімізде бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес коронавирус матрицасы бойынша «қою қызыл» аймақ пайда болды. «Қою қызыл» аймақ инфекциялық стационарлардағы төсек-орынның толуы бойынша енгізіледі. Бұл дегеніміз, инфекциялық төсек-орынның 70%-ы толуы, ал төсек-орынның толу көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 200-ден асатын өңірлер кіреді. Екінші тамыздан бастап Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Атырауда және Қарағандыда карантин күшейтілді. Бұл қалалар «қою қызыл» аймаққа кіріп отыр. 

Сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстарында халықтың көші-қонын ескере отырып, Нұр-Сұлтан қалаларымен (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле аудандары), Шымкент (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағанды (Теміртау, Шахтинск, Абай қалалары) шекаралас аудандарда карантинді қатаңдату бойынша ұқсас шаралар жүзеге асырылуда. Осыған орай Алматы облысының тұрғындары арасында коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында 30 шілде күні Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Аталмыш құ­жатқа сәйкес қол­да­ныс­­тағы қаулыға өзге­рістер енгізіліп, Қар­асай, Талғар, Іле ау­дандарында 2-16 тамыз аралығында карантиндік шаралар күшейтілді.
2 тамыздан бас­тап осы аймаққа кіретін өңірлерде демалыс күндері «Ashyq»-қа қатысатындарды қоса алғанда, меншік нысанына қарамастан, барлық кәсіпорын мен ұйымдардың қызметі тоқтатылды. Тек орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау нысандары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдары жабылмайды. Сондай-ақ банкет залдарының жұмысына, облысаралық және қалалық тұрақты емес тасымалға (туристік), ашық ауадағы марафондарға, көрермендермен және көрермендерсіз спорттық шаралар өткізуге, сондай-ақ басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде отбасылық жиын-той, естелік (еске алу) іс-шараларын өткізуге, букмекер кеңселердің қызметіне тыйым салынады. «Ashyq» бағдарламасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі меншік нысанына қарамастан тоқтатылады.

«Ashyq» қосымшасын пайдаланатын келесі объектілерге демалыс (сенбі және жексенбі) күндері қызметін тоқтата отырып, аптаның басқа күндері сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі: ОСО, сауда үйлері, сауда желілері, қоғамдық тамақтану объектілері (оның ішінде жазғы алаңдар), фуд-корттар, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін сұлулық салондары, шаштараздар, моншалар, сауналар, СПА-орталықтары, бассейндер, фитнес-клубтар, фитнес-орталықтар, кинотеатрлар, караоке, бильярд, боулинг, компьютерлік клубтар. «Ashyq» жобасына қатысатын халыққа қызмет көрсету орталықтарын, екінші деңгейдегі банктердің, сонымен қатар кредиттік серіктестердің, шағын қаржы ұйымдарының, ломбардтардың, айыр­бастау пунктерінің жұмыс кестесі 09.00-ден 18.00-ге дейін жалғасады. «Ashyq» жобасына қатыспайтын қоғамдық та­мақтану объек­тіле­рінің қызметіне тек алып шығуға және жеткізуге рұқсат бері­леді.
GOVID-19-ға қарсы вакцинацияланған және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар (ұйымдар), кеңселер, ұлттық компаниялар және өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80% -ын қашықтан жұмыс істеуге жіберу қарастырылған.

Қатаңдатылған карантин талаптарының орындал­уын қадағалау үшін мониторингтік топтардың санын ұлғайту, қызметі тоқтатыла тұрған объектілерді ба­қылау, «Ashyq» жобасына қатысушылар үшін көзделген талаптардың сақталуын жіті назарда ұстауды қамтамасыз ету аудан әкімдігіне тапсырылды. «Ashyq» режимін бұзған бизнес субъектілері ескертусіз 1 ай мерзімге жабылатыны да сақтық шараларын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Райхан Азимова,
«Талғар»


Аудандағы 3 тамыз күнгі тың деректер:
Коронавирус дертімен бір тәулікте 48 адам сырқаттанған;
Аудандық провизорлық стационарларында барлығы 339 науқас пневмония және тұмау (ОРВИ) диагнозымен емделуде. Оның ішінде аудандық орталық ауруханада 222 науқас, Панфилов ауылындағы ауылдық ауруханасында 117 адам ем қабылдап жатыр.
Аудан бойынша инфекциялық стационарлардағы төсек-орынның толуы 75,3% құрап отыр, бос төсек-орын 24,7% (111 төсек).
3 тамыз күнгі деректер бойынша барлығы 46725 вакцина жеткізілді. Оның 39973-і егілді. 41315 «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін 35030 адам алып үлгерді. Одан кейінгі келіп түскен 32300 дана екінші компонентін 23994 адам қабылдады. «Hayat-Vax» вакцинасының 2200 бірінші және екінші компоненті толықтай егілді. «Короновак» вакцинасының 2400 бірінші компоненті жеткізіліп, онымен 2398 адамға екпе жүргізілсе, кейіннен келіп түскен 2400 дана екінші компонентін 2179 адам алды. «QazVac» вакцинасының 810 дана бірінші компонентінің 345-і қолданылса, 810 екінші компонентінің 239 данасы егілді.