Су – тіршілік көзі

Су – тіршілік көзі

Ауызсу мәселесі бүгінде әлемнің көптеген елдерін толғандырып отырғаны белгілі. Мамандардың болжамы бойынша, ауызсу мемлекетаралық, еларалық маңызды мәселе ретінде алдағы уақытта да өзінің өзектілігін жоймайды. Өйткені су – тіршілік көзі. Сондықтан бұл мәселені алдын ала шешуді қолға алғанда ғана нәтижелі жұмыс жүріп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамти аламыз. Адам өмірінде судың алатын орны ерекше екенін білеміз барлығымыз. Сусыз тіршілік те жоқ. Әсіресе бүгінгідей жадыраған жаздың аптап ыстығында судың қадірі еселей артатыны рас. Биылғы жаз талғарлықтарға тосын мінезін көрсетіп бағуда. Бірде нөсерлі жаңбырдан тау ағып суымызды ластаса, бірде аптап ыстықтан мұздықтар еріп, өзендеріміз арнасынан асып, тұнығымыз лайланып жатыр. Біраз күннен бері қаламыздың бірқатар аймақтарында тағы суыз судың тапшылығы орын алған болатын. Еріген қар суынан Талғар өзенінде үлкен ағыс орын алып, Некрасов көшесі аумағындағы дюкерді сындырып кеткен. Бұл олқылықтарды жойып, су құбырын қалпына келтіру үшін «Талғар су» МКК-ы «Промкамбинат», «Автобаза» аудандарын, «Кірпіш зауыты» аумағындағы саяжайларды, Кеңдала және Азат ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырын ажыратып, жөндеу жұмыстарына кіріскен болатын. Табиғаттың бұл тосын мінезінен 20 мыңға жуық тұрғын сусыз қалған еді. 30-шы шілде күні «Талғар су» мекемесінің жұмыскерлерінің күшімен таңғы сағат 4-ке дейін дюкердің жұмысы уақытша қалпына келтіріліп, су толық көлемде берілді. Десе де, бұнымен мәселе толыққанды шешілді дей алмаймыз.

Бүгінгі күні осы олқылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар желісі бойынша «Қазгидроспас» ЖШС-і мердігерлік компаниясы Талғар өзенінің жағалауын нығайтып, өзен арнасы ағынының бағытын қайта құрып, дюкерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан Талғар өзені арқылы өтетін су құбырларына қатысты апатты жағдайды толық жойып, өзен жағасын күрделі нығайту үшін қаражат іздестірілуде. Алдағы күндері бұл мәселе де күн тәртібінен түсіп, оң шешімін табады деп сенеміз біз де.

ТАЛҒАР-АҚПАРАТ