Ауыл әкімін сайлау – маңызды науқан

Ауыл әкімін сайлау  – маңызды науқан

Күні кеше, 25 шілде күні елімізде алғаш рет аса маңызды науқан –ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткен еді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңінің бастауы екенін Мемлекет басшысы атап өткен болатын. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсынды.

Аудандық маңызы бар қалалар, ауыл мен кенттер және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқанына ауданымыздағы сайлау комиссиялары дайындық шараларын белсенді түрде жүргізіп, сайлау барысындағы заңдылықтар сақталып, елімізде әлі де пандемия өршіп тұрғандықтан тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін барлық санитарлық нормалар жіті қадағанланды. Ауданымызда 43069 сайлаушы тіркеліп, олардың 11758 пайызы дауыс берді. Тіркелген 20 кандидаттың 2-і «Nur Otan» партиясынан, 1-і «Ауыл» партиясынан, 1-і «Ақжол» партиясынан, 2-і «Адал» партиясынан, 4-і Қазақстан халық партиясынан, 1-і Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кандидаттары болса, 9 адам өзін өзі ұсынғандар болды. Кандидаттарды тіркеу шілденің 14-інде аяқталып, кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізді. Ауданымыз бойынша төрт ауылдық округке әкім сайланды.

Сайлау қоғам үшін аса маңызды іс. Демократияның, азаматтық қоғамның қалыптасуына зор үлес қосатын шара. Межеленген күні таңғы сағат 7-де, айбынды Әнұранымыз шарықтай шырқалып, барлық сайлау учаскелері өз жұмыстарын бастап кетті. Әрбір сайлау учаскесі заң талаптарына сай безендіріліп, талапқа сай жабдықталды. Ең алдымен санитарлық нормалардың сақталуына ерекше мән берілді. Сайлау учаскелерінің кіреберісінде медицина мамандары жайғасып, сайлаушылардың дене қызуын тексеріп, бетперде мен антисептиктермен қамтамасыз етіп, арақашықтың да сақталуына мән беріп отырды.

Бұл күні біз де бірқатар сайлау учаскелерін аралап, әкімдер сайлауының өту барысын бақылап қайтқан едік. Алдымен Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 орта мектептегі №844, 845 сайлау учаскелеріне бас сұқтық. Карантин талаптары сақталған. Әуелеген әуезді ән ойнап тұрды. Бірқатар партиялар мен тәуелсіз бақылаушылар да өз орындарына жайғасып, сайлаудың әділ өтуін қадағалап отырды. Ауыл халқының біртіндеп дауыс беруге келіп жатты. Осы сайлау учаскесінен ауданымыздың Құрметті азаматы, ұзақ жылдар ауданымызда басшылық қызмет атқарған Чапай Тазабеков­ты кездестірдік.
-Ауыл әкімін тікелей халықтың өзі сайлайтыны дұрыс шешім болған. Алғаш рет қолға алынған Президентіміздің игі бас­тамасын қолдаймын. Себебі ауыл тұрғындары қолынан іс келетін, халықпен етене араласатын, ауылдағы түйінді мәселелерді шешу қолынан келетін азаматты таңдайды. Әрбір кандидат өзінше үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізді. Сайлауалды бағдарламалары да жақсы. Барлығы халықтың қамы үшін, ауылымызды гүлдендіру үшін жақсы жоспарлар құрыпты. Ауылдастырымыз ауылымыздың дамуына көбірек жұмыс жасайды деген азаматты таңдайды деп ойлаймын. Мен де өз таңдауымды жасадым. Ел сенім артқан азамат болашақта табанды еңбек етіп, үмітімізді ақтай алса болды деген ой бізде,- дейді Чапай Кәкімұлы.
Ары қарай Бесағаш ауылына жол тарттық. №28 және №45 орта мектептерде орын тепкен сайлау учаскелерін араладық. Бұл жерлерде де бәрі сақадай сай, санитарлық талаптар сақталған. Сайлау комиссиясының төрағалары мен мүшелері өз жұмыстарына бел шеше кіріскен.

— Бүгінгі күні 867-ші сайлау учаскесінде үш мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Таң сәріден біртіндеп дауыс беруге келіп жатыр. Сайлау комиссиясы өз тарапынан сақтық шараларын сақтап, сайлаушылардың алаңсыз дауыс беруіне жағдай жасауда. Комиссия мүшелері заң талаптарына сай халыққа қызмет көрсетуде. Бұл сайлау еліміз үшін үлкен жаңалық болып отыр. Ел тізгінін ұстайтын азаматтарды сайлау құқығына ие болған ауылдастырымыз ел мүддесі үшін жұмыс жасайтын азаматты сайлағысы келеді. Мен Бесағаш ауылының тұрғынымын. Мен де дауыс беріп, таңдауымды жасаймын,- дейді 867 сайлау учаскесінің төрағасы Мақсат Биқожаев.

Ал Панфилов ауылы тұрғындарының белсенділігі ерекше. Ауылындағы №33 орта мектепте орналасқан №878 сайлау учаскесіне дауыс беруге келіп жатқан халықтың нөпірі көп. Бұл ауылдық округте әкім жиі ауысатын болғандықтан халық тізгінді өз қолдарына алған. Ел сенімінен шығып, ауылдың көркейюі мен дамуы жолында еңбек ететін азаматты сайлағылары келеді. Сондықтан да сайлауға 5333 сайлаушы қатысып, оның 5161 өз таңдауларын жасаса, 172 бюллетен жарамсыз деп танылған. Соныменн қатар алатаулық сайлаушылар да белсенділік танытты. Онда 5487 сайлаушы дауыс беріп, 61 бюллетен жарамсыз болған. Ал Бесағаш пен Бесқайнар ауылдарының сайлаушылары дауыс беруге ынталы болмады. Оларды ауылдың болашағы алаңдатпады ма, әлде сол күнгі аптап ыстық еңсесін басты ма, кім білсін?
Кешегі күні сайлау қорытындысы да шығып, ауыл әкімі лауазымына лайықтылар да анықталды. Аудандық сайлау комиссиясы ұсынған ақпараттарға сүйенсек, Алатау ауылдық округі бойынша сайлаушылардың басым дауысын Азамат Сейтов жинапты. Ал Бесағаш ауылдық округінің жұртшылығы Ернар Жүнісовке сенім артқан. Бесқайнарлықтар болса ұзақ жылдар ауылдық әкімдікте еңбек еткен Арман Джабаевқа көп дауыс берген. Ең тартысты сайлау өткен Панфилов ауылының сайлаушылары Серік Шаловтың ел тізгінін ұстағанын қалапты. Ел үміт артқан азаматтар алдағы күндері абыройлы еңбек етіп, ауданымыздың гүлденуіне зор үлес қосады деген сенімдеміз, біз де.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»