Интернет қызметін жақсарту- басты назарда

Интернет қызметін  жақсарту- басты назарда

Әлемді жайлаған коронавирус індетінің алдын алу мақсатында бірқатар шұғыл шаралар жүзеге асырылып, былтырғы жылдың наурыз, сәуір айларынан бастап барлық оқу орындары жаппай қашықтықтан оқытуға көшкені белгілі. Бүгінгі таңда елді мекендер түгелдей дерлік кең жолақты интернетпен қамтылғанымен, іс жүзінде халық заманауи байланыс­тың игілігін толықтай сезініп отырған жоқ. Олай дейтініміз, былтырғы жылы онлайн арқылы білім алған оқушылардың барлығына интернет қолжетімді болды деп айта алмаймыз.

Өткен аптада Алатау ауылдық округіне қарасты Т.Рысқұлов ауылына Қаз­ақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (әрі қарай ҚР ЦДИАӨМ) вице –министрі Асхат Оразбек жұмыс сапарымен атбасын тіреді. Жоғары лауазым иесімен бірге ауыл жұртшылығымен кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, Алматы және Алматы облысы бойынша аймақаралық байланыс инспекциясының бастығы Асхат Рахматтулин, Алматы облысының сандық технологиялар бөлімінің бастығы Алия Оңғарбекова, сондай-ақ «Қар-Тел» ЖШС, «МТС» ЖШС, «Кcell» АҚ, «Алматы телеком» РДТ, «Транстелеком» АҚ, «Вeeline», «Altel, Tele2» ұялы байланыс операторлары қатысты. Жиналған ауыл тұрғындарын қонақтармен таныстырған аудан әкімі Қайдар Абдыханов кездесудің негізгі мақсаты: «Талғар ауданындағы ұялы және тіркелген интернет байланыстың дамуы мен сапасын жақсарту мәселелерін талқылау» екенін жеткізді. Алғашқы болып сөз алған вице–министр Асхат Оразбек барлық елді мекендерде қолжетімді әрі сапалы интернет байланысын орнатудың маңыздылығына тоқтала келе, ауыл тұрғындарының талап-тілектеріне құлақ түрді. Бұл күнгі кездесуге келген байланыс операторлары да атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Осы ауылдың тұрғыны, ұстаз Айна Сәрсенбаева Береке, Орман ауылдарынан 100-ге жуық, сонымен қатар Бесағаш ауылынан 15 бала мектепке қатынап оқитынын, әрі онлайн оқу барысында интернет өте нашар істегенін, кей жерлерде мүлдем байланыс болмайтынын айтып, мәселені шешуді сұрады. Тоты Мықтыбаева есімді ауыл тұрғыны Амангелді, Гагарин, Береговая, Островский көшелерінде интернеттің жылдамдығы өте әлсіз, тіпті ұстамайтындықтан балалардың қашықтан оқу барысында көптеген қиындықтарға тап болғанына налыды. Бұл күнгі кездесуге келген ауыл тұрғындарының барлығы интернет түгілі ұялы байланыстың өзі өте нашар жұмыс жасайтынын айтып шағымданды. Аудан орталығынан бар-жоғы шамамен 12 шақырым жерде орналасқан Орман, Береке, Т.Рысқұлов ауылдарындағы интернет жылдамдығы мен сапасы халық айтқандай төмеңгі деңгейде болса, шалғай ауылдардың жағдайын елестету тіпті қиын. Сапасыз интернет қызметінің салдарынан балалардың білім сапасы төмендеп, тіпті жүйке жүйелеріне де теріс әсерін тигізгені де айтылды. Интернет желісі мен ұялы байланысқа қатысты тұрғындардың жанайқайын мұқият тыңдаған лауазым иелері мен сала мамандары көкейкесті мәселеге қатысты қолға алынып жатқан әрі атқарылуға тиісті мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Мәселен, «Altel, Tele2» байланыс оператоларының билік органдарымен өзара іс-қимыл байланысы жөніндегі директоры Бексұлтан Меирбеков пандемия кезіндегі интернет желісінде орын алған шамадан тыс жүктеме өз түзетулерін енгізгенін тілге тиек етіп, Береке, Рысқұлов ауылдарын қыркүйек айының соңына дейін толыққанды сапалы интернет қызметімен қамтамасыз ету мақсатында базалық станцияны кеңейту арқылы интернет қуаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Кcell» АҚ-ың үкіметпен байланыс секторының меңгерушісі Айман Мадахметова кейбір тұрғындардың сигнал күшейткіштерін қоюы көпшілікке тарайтын интернеттің сапасына кері әсерін тигізетінін айтты. Сонымен қатар базалық станциядан тарайтын электро-магнитті толқындар адам денсаулығына қауіпсіз екеніне қарамастан, тұрғындар тарапынан біршама қарсылыққа тап болып, тіпті орнатылған құрылғыларды қайтадан бөлшектеп, бұзып алып басқа жаққа көшіруге тура келетінін жеткізді. Мұның өзі қосымша шығынмен қатар жұмыс сапасына да кері әсерін тигізетіні рас. Қалай десек те, тұрғындарды сапалы интернет қызметімен қамтамасыз ету мәселесіне жіті мән беріліп, бірқатар жоспарлы жұмыстар атқарылып жатқаны да атап өтілді. Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов облыс аумағында сапалы мобильді әрі тіркелген байланысқа қол жеткізе алмай отырған ауылдардағы мәселелерді шешуде байланыс операторларымен атқарушы билік алдағы уақытта да бірлесе жоспарлы, жүйелі түрде жұмыс жасауға мүдделі екендіктерін баса айтты. Аталған қиындықтар министрлік тарапынан да ескеріліп, оларды оңтайлы шешудің тетіктері қарастырылып, нақты жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі болды. Базалық станцияларды кеңейту, қондырғыларды жаңарту арқылы интернет қуаттылығын арттырудың маңыздылығы, электр желілерін бекіту, ТП қуатын күшейту, жаңадан жабдықтау сынды мәселелер де сөз болды. Алматы және Алматы облысы бойынша аймақаралық байланыс инспекциясының бастығы Асхат Рахматтулин сапалы интернет қызметін ұсына алмай отырған байланыс операторларына ескерту берілетінін, 6 ай мерзімде кемшілікті түзетпеген жағдайда айыппұл салынатынын ескертті.

Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Қайдар Абдыханов аудан аумағындағы 47 елді мекен тұрғындарының бірқатар бөлігі сапалы интернет игілігіне қол жеткізе алмай отырғанын айта келе, бүгінде ұялы және тіркелген интернет байланысын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстарға тоқталды. Инвестор «Алатау ЛЭТ» компаниясын тарту арқылы жүзеге асырылуы тиісті ауқымды жоба нәтижесі бойынша радиокөпірлер секундына талшықты-оптикалық кабель арқылы 20 мегобайт жоғары жылдамдықпен тарайтын интернет желісі Кендала, Панфилов ауылдық округтері мен Талғар қаласын қамтитын болады. Бұл кепілді абонент байланысы деген сөз. Сонымен қатар электр желілерін нығайту, ТП қуатын арттыру, қайта жөндеу жұмыстарына бюджеттен 150 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта конкурс өткізіліп жатқанын айтқан аудан әкімі барлық байланыс операторларын қоянқолтық жұмыс жасауға, түйінді мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

Райхан Азимова,
«Талғар»