«Еңбек ет, кәсіп қыл, бизнестің көзін аш» деп үнемі үндеу тастап келе жатқан Елбасының сөзін жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламаларымен мемлекет те демеп келе жатыр. Сондай бағдарламалардың біріне арқа сүйеп, кәсіп көзін тапқандардың бірі Талғардың тумасы Сарипов Айдар Саматұлы. Заманның ағымына сай құрылыс жұмысына аса қажетті бетон шығаратын «Жаңа бетон» зауытын ашып, жұмысын жандандырғалы биыл алтыншы жылға аяқ басты. Алғашында бақытты тұрмысқа сеніммен қол созған өзі мен айналасындағы еңбеккерлер талабын бірден қанағаттандыру оңайға түскен жоқ әрине. Дегенмен қолға алған кез келген бастамасынан оң нәтиже шығаруға дағдыланған талаптылығының арқасында 2015 жылы жаңа нысан еңбек нарығына ілесіп шыға келді. «Бұл әрине алдымен ата-анам мен отбасымның, сонымен бірге жерлестерімнің маған артқан сенімі болар»,- дейді білікті басшы.
— Ата-анамды Талғар жұрты ғана емес облыс, қала берді республика халқы жақсы таниды. Олар өз заманында алдыңғы шепте жұмыс атқарған сыйлы жандар. Әкем Самат Сарипов ауданның «Құрметті азаматы», қоғам белсендісі. Міне, сондай отбасынан тәлім-тәрбие алған мен неге кері шегінуім керек. Сондықтан да әлі күнге ерік-жігерімді қамшылап жүремін. Осыдан 6 жыл бұрын Алматыдағы бетон шығаратын зауытта жұмыс жасап жүрдім. Талғар жұртшылығы тұтынатын өнімнің бәрін Алматыдан алдырады екен. Содан өзімізде неге осындай зауыт ашпасқа деген ой туды да, бірден бел шеше іске кірістім. Алдымен Қытайдан толық автоматтандырылған құрылғылар жеткіздім. Екінші зауыттың құрылғылары Түркиядан жеткізілді. Кадр мәселесіне де тыңғылықты қарадым. Өйткені қанша жерден автоматтандырылған болса да адам күші әлі толық жойылған жоқ. Сондықтан жауапкершіліктен қашпайтын жастарды жинауға тырыстым. Шүкір, бүгінде қол астымда жұмыс істейтін 65 жұмыскердің 70 пайызға жуығы жастар және олар сенімімді ақтап келеді.
Мамандығы экономист Айдар Саматұлы Талғар жұртшылығының мұқтажын толық қанағаттандыру үшін алдымен өнімнің сапасына мән береді. Қазіргі тұтынушылардың сұранысына ілесіп отыру қиын шаруа болса да, сатып алушылармен пікірлесіп, қандай құрамдағы қоспаның қажеттігін анықтап алып іске кіріседі. Содан да болар тұтынушылар жыл сайын артып келеді. Қаламызда салынып жаткан 1200 орындық мектеп бетонды 100% «Жаңа бетоннан» алып жатыр. Сондай-ақ, жаңа мөлтек аудандағы салынып жатқан тұрғын үйлер, «КАЗГИДРОСПАС» компаниясы, Талғар өзеніне салынып жатан көпір жұмыстарына да біз әңгіме етіп отырған зауыттан шикізат тұтынады. Бұл бір шеті жергілікті кәсіп иелерінің жігерін жаныса, екіншіден, сапалылығы жағынан сын келтірмейтін зауытқа деген басқаларының сенімділігін нығайта түседі. Жаңа өндіріс ошағының ашылуына жергілікті құрылыс компаниялары да дән риза. Басқа қалалардан жеткізу жолдың ұзақтығымен уақытты ұстаса, сонымен бірге бағаның қымбаттануына де әсер ететін еді. Іргеде ашылған жаңа кәсіпорын арқылы ауданымыз бетон өнімдерімен қамтамасыз етіліп отыр.
— Кәсіпорынның өз Камазы, жүк машинасы, автобетон-насос көлігі бар. Сондықтан қажет жерлерге жеткізу бізге қиындық тудырмайды. Қоспаға қажетті цементті Шиеліден, Семейден, Шымкенттен аламыз. Өзіміз «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС заңды дистрюбьюторымыз. Сондықтан зауытымыздың Алматыдағы филиалы цемент де сатады. Болашақта зауыт іргесін кеңейтіп, Құлжа жолының бойынан да салу жоспарда бар. Әрине оның бәрі уақыт еншісіндегі шаруалар,- дейді мекеме басшысы.
Аймақтың индустриялық-инновациялық дамуына серпін қосып отырған зауыт басшысы Айдар Саматұлы аудандық мәслихат депутаты. Халық қалаулысы болуды азаматтық парызым деп санайтын жігерлі азамат қайырымдылық жасаудан жалықпай келеді. Көпбалалы аналарға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға көмегін аяған емес.
Мерует Мәулет,
«Талғар»
Жасұлан Рамазанов, оператор:
— Жасым 31-де. Талғарда тұрамын. Зауыт ашылғалы жұмыс істеп келе жатырмын. Менің міндетім – автоматтандырылған құрылғыларды іске қосу, ажырату. Былай көзге оңай көрінген жұмыс болғанымен, жауапкершілігі жоғары. Бір ғана мүлт кеткен қатең барлық зауыттың жұмысының тұралап қалуына әкеп соғады. Сондықтан тиянақтылық, ыждаһаттылық керек. Жалпы өңірімізде осындай зауыт ашылып, нәпақамызды тауып жүргеніме бек қуаныштымын.