Көпке үлгі, мұқтажға көмек

Көпке үлгі, мұқтажға көмек

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», – деген дана бабаларымыз. Осынау бес күндік беймаза өмірде қолыңда бармен бөлісіп, жан баласына жарым жақсылығыңды тигізгенге не жетер.? Қайырымдылық жасау – имандылықтың, мәрттіктің, парасаттылықтың белгісі. Осы ретте жомарттығы қайырымдылық іс арқылы көрініс тапқан жерлестеріміз де аз емес. Керек десеңіз сауапты бағытты негізге алып жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан бірлестіктер де бар. Солардың бірі газетіміздің тұрақты оқырмандарына етене таныс «Самға – Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігі. Жұмыс тобы мүшелерінің дені жастардан тұратын бұл бірлестіктің қандай жұмыс жасап жүргенін аудан халқы жақсы білер деген ойдамыз. Жергілікті қалталы азаматтарды демеушілкке тартып, солардың бөлген қаржысының арқасында мүмкіндігі шектеулі азаматтары бар отбасылардың жыртығына жамау, жанына медет болып келеді.

Жыл он екі ай жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуге тырысатын «Самға-Н» бірлестігінің жұмыс тобы жаздық демалыс кезінде де қол қусырып қалмақ емес. Мәселен өткен айдың басында Талғар қаласындағы мүгедек бала өсіріп отырған бес отбасыға азық-түлік себетін ұсынған болатын. Кейінірек балалар мерекесі қарсаңында облысымыздағы көрікті жерлер Көлсай, Қайыңды, Шарын секілді туристік орындарға апартып қайтқан еді. Көрші ауданды аралап қайтқан бұл сапарға демеушілік танытқан «Sayahat_tike» туристік агенттігі он бес баланың жол шығынын көтеріп тегін көлікпен қамтамасыз етіп, қол ұшын созған. Қоғамның қамқорлығы мен қолдауына зәру, көңілін шер, қабағын мұң басқан балаларға тосын тарту жасаудың өзі бала бақытына себеп болары анық. Жаз мезгілін балалар үшін барынша қызық еткісі келген бірлестік өкілдері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры әкімшілігімен бірлесе отырып бүлдіршіндерді көркем қойылымның куәсі етті. «Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіншілігің жетіп тұрса, неге қол ұшын созбасқа»,- дейді бірлестік қатарындағы еріктілер. Ата-аналардың алғысын азық, балалардың күлкісін олжа етіп жүрген қыз-жігіттердің балаларға жасаған тартуы мұнымен толастамақ емес. Аз уақыт бұрын «Kausar bulak» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігімен біріге отырып Алматы каласындагы «Aspan park» ойын-сауық орталығына он бес балаға жолдама алып берді. Аталған орталықтың басшысы Аубакирова Оксана Балтабайқызы жане «Kinopark.KZ» кинотеатрлар желісі бүлдіршіндердің бір күнінің керемет өтуіне өз үлестерін қосты. «Елге қызмет – баршаға міндет» демекші, қолындағы мүмкіндікті барынша қайырымдылықпен ұштастырған самғалықтардың сауапты жұмыстары көпке үлгі, мұқтажға көмек.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»