Белбұлақтың боксшы баласы

Белбұлақтың боксшы баласы

«Адамның ілгерілеу талабы неғұрлым биік болса, соғұрлым оның қабілеті, таланты тез, өмірлі болып дамиды» (Н.Г.Чернышевский) деген пікірдің жаны бар. Белбұлақ ауылындағы №32 орта мектептің 9-сыныбын биыл «Қызыл аттестатқа» бітіріп отырған он алты жасар боксшы Бақдәулет Орынбасар есімді жасөспірімнің болашағы асқақ. Алтыншы сыныптан бастап жаттықтырушы Жанболат Ерназарұлының қолына түскен дарынды бала екі-үш жылдың көлемінде бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, ринг үстінде қайраққа түскен асыл болат темірдей жарқырап шыға келеді. Жаттығуда тынбай еңбек ететін спортшы жыл өткен сайын бокс өнерінің қыр-сырына қаныға түсті. Жеңіске жету үшін үздіксіз тер төгу керек екенін ол түсінді.

Маусым айының 8-12 аралығында Еңбекшіқазақ ауданының Шелек кентіндегі «Мәдениет үйінде» кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы, халық­аралық дәрежедегі спорт шебері Ермұрат Қайыпжановтың құрметіне республикалық турнир жалауын көтерген болатын. Міне, осы жарыста аламан бәйгеге түскен жас боксшы 57 келі салмақта жарқырап көрінді. Ринг үстінде алмас қылыштай жалт-жұлт еткен Бақдәулет Орынбасар өзіне қарсы шыққан Ақтау, Атырау, Алматы қаласы мен Алматы облысының ең таңдаулы боксшыларын айқын басымдылықпен ұтты. Әсіресе, оның қынаптан суырылған асыл кездіктей ұтымды сәтте «жарқ» ете қалатын сол қолынан барлық қарсыластары жеңіліс «дәмін» татты. «Ізденген жетер-мұратқа» — демекші, спорттағы жарқын жеңістері енді басталған Бақдәулет Орынбасардың көз тіккен биіктері тым алыста…

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»