Есілге еркелеген Нұр-Сұлтан

Есілге еркелеген Нұр-Сұлтан

Астана Сарыарқаның бел төсіне қоныстанып, бас қала атанғанына 23 жыл ғана болса да өзгеше сипаттағы жаңа елорданың келбеті жылдан-жылға, күннен-күнге тамсантып келеді. Тарих беттерінен білетіндей сан зұлматты бастан кешірген қазақтың еңсе көтеруінің дәлелі ретінде жаңа астананың түрленуін ізгіліктің нышаны деп қабылдаған ырымшыл халқымыз жыл сайын астана күнін айтарлықтай деңгейде тойлауда.

Сондай әсерлі де мәнді шараның бірі Талғар ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде ұйымдастырылды. Жеке құрам мүшелері толық қатысқан басқосуда бөлім бастығы, полковник Айдар Болатұлы биылғы айтулы дата – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен астаса келген астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының жаңа заманға сай жасампаздықпен қалыптасып келе жатқан келбеті жайлы баяндама жасады. Бұл жолда Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегінің орасан екендігін атады. «Қазіргі күрделі жаһандық ахуалда біздің ер азаматтарымыз түрлі шиеленіс ошақтарына барып, бітімгерлік миссиясын абыроймен атқаруда. Білікті әскери қызметкер адамгершілік құндылықтарын биік ұстайтын, темірдей тәртіпті сақтайтын, табанды еңбек ететін адам болуы тиіс. Қазақстанның қауіпсіздігі – сіз бен біздің сапалы жұмыстарымызға тікелей байланысты», — деп бөлім қызметкерлерін жауапкершілікке шақырып, Елорда күнімен құттықтап, игі тілегін жолдады.

Бөлімнің әскери патриоттық тәрбие жұмысы бойынша бөлім бастығының орынбасары Салтанат Алпысбаева «Астана — бақыт мекені» атты кітап көрмесімен таныстырды. Сондай-ақ шара барысында 2017 жылы Астана қаласында ұйымдастырылған ЭКСПО көрмесі жайлы бейнеролик көрсетіліп, ол нысанның бүгінде елордаға көрік қана қосып қоймай мәдени-рухани ошақтың біріне айналғандығы сөз болды.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»