Бағдары айқын, болашағы жарқын қала

Бағдары айқын, болашағы жарқын қала

Тәуелсіз елдің топырағында дүниеге келген өрендер егемен елмен бірге есейіп, бой түзеді. Тәуелсіздіктің құрдастарымен қатарласа бой көтеріп, күннен-күнге көркейіп, ажарланып келе жатқан астанамыздың бүгінгі келбетіне көз тоярлықтай. «Елу жылда ел жаңа» дейді дана хақымыз.

Сарыарқа төсінен бой көтерген Нұр-Сұлтан аз ғана уақыт ішінде әлемде өзіндік келбеті бар әсем қалаға айналды. Астана – сан түрлі арман-қиялдарды жүзеге асырып, сан-қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те, көркем қала.
«Астанам туған елдің жүрегісің,
Өзіңнен бастау алар келелі ісім…», – деп арқалы ақындар жырлағандай, республикадағы барлық өңір егемен елдің бас қаласына қарап бет түзейді. Ерке Есілдің жағасында болашақ мыңжылдықтарға батыл қадам басқан жаңа Нұр-Сұлтанның дамуы мен өркендеуінен серпін алады.Қарасаң көз тоймайды. Жылдан жылға сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келеді. Бұл күнде Нұр-Сұлтанды дүниежүзі біледі десек артық айтқандық болмас. Осында әлемдік көлемдегі алқалы жиындар өтіп жүр. Оларда адамзаттың түйткілді мәселелері сөз болады.Тоқ етерін айтқанда, Нұр-Сұлтан бейбітшіліктің мызғымас ордасына айналған бас қаламыз.
Астананың 23 жылдығы – қазақ халқының мерейлі мерекесі. Біз ғасырлар тоғысқанда тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламызды салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Осындайда елімізге, отанымызға деген мақтаныш сезімі бойды кернейді. Қазақ халқы – көптеген ұлт өкілдерімен етене араласып, ынтымағы жарасқан достыққа адал, бауырмал, қонақжай, ержүрек халық. Еліміз бүгінде дүниежүзінің көптеген елдерімен достық байланыс орнатқан, бүкіл әлем таныған елге айналғаны ақиқат.
Олай болса, тарихы тереңнен сыр шертетін бас қаламыздың бағыт-бағдары айқын, болашағы жарқын болсын деп тілеймін.

Замира Қалымбетова,
аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі