«Рухани жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек» деп Елбасымыз айтқандай, сананы жаңғыртумен қатар ішкі жан дүниені өзгертуді әркім өзінен бастауы қажет.
Осындай үлкен мақсатты ұстанған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты байқауын онлайн түрде өткізген болатын. Жуырда сол байқауға қатысқан үміткерлердің ішінен жеңімпаздар анықталып, облыс орталығында салтанатты түрде марапатталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған сында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бегенбаева Фарида Мамырбекқызы ІІІ орынға ие болды. «Кітап – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін басшылыққа алып жүретін басшының жолы жастарға үлкен өнеге деп білеміз. Марапатыңз құтты болсын!
«Талғар-ақпарат»