Құрылыс нысандарын аралады

Құрылыс  нысандарын аралады

«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы Жол картасының жүзеге асырылуын бақылау мақсатында аптаның дүйсенбісі күні облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың «Дін, тіл мәселелері бойынша, этносаралық қатынастар, ішкі саясат және жастар саясаты» бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі Сұлтан Нұрдаулетов пен облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың «Дін, тіл мәселелері бойынша, этносаралық қатынастар, ішкі саясат және жастар саясаты» бойынша тұрақты комиссияның хатшысы Әсел Төлепбергенова ауданымызда салынып жатқан құрылыс нысандарына тексеру жұмыстарын жүргізді.

Бақылау комиссиясының құрамына аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхит Әлібеков пен аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков те кірді. Комиссия мүшелері қаламызда бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектеп құрылысынан бастап, Бесағаш ауылы мен Қызыл-Қайрат ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарын, қаламыздағы №3 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысын бақылады. Алдымен Талғар қаласындағы 1200 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстарының қарқынына назар аударды. Бас жобалаушы «Нұр Құрылыс-80» ЖШС-і. Нысанның бас мердігері «BI Сlobal» ЖШС-і. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың аяғында аяқталып, білім ошағы ел игілігіне берілуі тиіс. Учаске бастығы Сембай Жүнісовтің айтуы бойынша нысанның құрылысы межелі уақытында аяқталмақшы. Сегіз блоктан тұратын мектептің жетеуі бой көтерген. Екі блокта ішкі қабырғаларды әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 6 блокта электрмен жабдықтау жұмыстары жасалған. Су жүргізу, жылу жүйесі мен кәріз жүйесін тарту да елу пайыз орындалған. Құрылыс нысанын қаржыландырудың кешеуілдеуіне байланысты құрылыс жұмыстарының тұралап қалғаны бар. Қазір қаражат бөлінгеннен кейін жұмыс бір арнаға түскен. Ал Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары «Ауыл бесігі» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты жұмыс тоқтатылған. Бас мердігер «Қолғанат Құрылыс» ЖШС-і. Қызыл-Қайрат ауылындағы Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарына әлі қаражат бөлінбеген. №3 орта мектептің де күрделі жөндеу жұмыстары басталмаған. Жергілікті бюджеттен 1,12 млрд. теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Барлық құрылыс нысандарын аралап көрген халық қалаулылары жұмыс барысындағы олқылықтарға байланысты сын-ескертпелерін айтып, аталмыш ғимараттардың құрылыс жұмысы аяқталып, ел игілігіне берілгенге дейін үнемі назарда ұстайтындықтарын жеткізді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»