«Рухани керуен» – іс жүзінде

«Рухани керуен» – іс жүзінде

Талғар ауданының «Ішкі саясат бөлімі» ММ және Алматы облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, әрбір Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу, рухани құндылықтарымыз бен салт-дәстүр, мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеу мақсатында ауданымызда «Рухани керуен» жобасының V кезеңі болып өтті.

Осыған орай, ауданымызда біршама іс-шаралар ұйымдастырылды. Алғашқы кездесу «Жастар қоғам тірегі» тақырыбында Талғар медициналық колледжінің жастарымен өткізілді. Онда «Нұр-Мубәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Рахимғазиев Жайдар «Жат ағымнан сақтанайық» тақырыбында баяндама жасап, діни терроризм мен экстремизмнің қауіп-қатерін түсіндірді. Жұмыспен қамту орталығында жиналған жұмыссыз жастар мен аудан тұрғындарының алдында сөз алған «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Стамбакиев Нуржан «Рухани құндылықтың бастауы-отбасы» тақырыбын қаузап, жиналғандармен ашық-жарқын пікір алмасты. Кездесу барысында қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берілді. «Рухани керуен» жобасы аясындағы жоспарлы шаралар түстен кейін де жалғасын тапты. Орталық кітапхананың оқу бөлімінде өткен кездесуде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, заңгер — Әділғазы Серікхан діни қызмет және діни бірлестіктер заңын түсіндіре отырып, «Заңсыз діни материалдарды тарату мен сату» тақырыбында тұщымды баяндама жасады. Тақырып аясында жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берілді. АТТ мүшелерімен өткізілген семинарда «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Айша Кеңесбайқызының «Діни экстремизммен терроризмнің қауіпі» тақырыбында жасаған баяндамасынан жиналғандар мол мағлұмат пен маңызды ақпараттарға қанығып қайтты. Сонымен қатар бұл күні орталық базар, автобекет, адам көп шоғырланатын бірқатар қоғамдық орындарда жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шараға ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гаухар Салимбаева, ауданның дінтанушы маманы Ақжол Қиярыстанов, дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының қызметкерлері қатысты.

«Талғар-ақпарат»