Жуырда аудандық «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында партияның Саяси кеңесінің Бюро отырысы өтті. Жиынды аудан әкімі, аудандық «Nur Otan» партиясының төрағасы Қайдар Әбдіханов ашып, бюро отырысының күн тәртібімен таныстырып, жұмыс регламентін бекітті.
Бюро отырысының күн тәртібінде бір ғана «Nur Otan» партиясының «Жастар Отанға» жол картасын бекіту туралы» мәселесі қаралды. Аталмыш мәселеге орай аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетоваға сөз берілді. Мінберге көтерілген Замира Нұрланқызы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 21 тамыздағы тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейінгі «Жастар Отанға!» бағдарламасы әзірленгенін айтып, бағдарламаның жас қазақстандықтарды ел дамуының ортақ мақсаты төңірегінде біріктіруге, жастардың өзін-өзі дамытуы үшін жан-жақты қолдауды қамтамасыз етуге бағытталғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар бағдарламаның бес бағытына жете тоқталып өтті.
Бағдарлама әртүрлі санаттағы жастардың мүддесін қамтиды және әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалардың нәтижелеріне сүйеніп жұмыс жасайды. Қазақстан аймақтары бойынша жалпы бір жарым миллион жас қамтылды. Республика бойынша жастардың әртүрлі топтарымен 150-ден астам кездесу өткізіліп, олардың нәтижесінде 3 000-нан астам нақты ұсыныстар сараланып алынған. Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында облыстық, қалалық және аудандық Жол карталары әзірленген.
Баяндамашы «Азаматтық белсенділік», «Сапалы білім», «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту», «Жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана», «Тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу» бағыттары бойынша бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштерін алға тартып, бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын ұсынды. «Жастар Отанға!» бағдарламасы волонтерлік қызметке тартылған жастардың үлесін арттырып, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартып, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасуға ықпалдасып, аудан жастарын салауаттылыққа тәрбиелеу үшін спорт кешендерінің санын көбейту мақсатында жұмыс жасауды жоспарлап отыр Сонымен қатар жастар белсенділігін арттыратын түрлі іс-шаралар легін жоспарлап, жүзеге асырмақшы. Баяндамашыны мұқият тыңдаған бюро мүшелері тарапынан күн тәртібіне қойылған мәселеге қатысты ешқандай сын-ескертпелер айтылмады. Аталмыш мәселеге орай қабылданатын қаулының жобасы ертерек таратылып берілгендіктен, бюро мүшелері тарапынан ешқандай ескертпелер айтылмағандықтан қаулы бірауыздан қабылданды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»