Жазғы мектептің жайы қандай?

Жазғы мектептің жайы қандай?

Талғар аудандық «Білім бөлімі» ММ-нің 2021 жылдың 11 мамыр­дағы № 101-Н «2020-2021 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттаудан өткізу туралы» бұйрығы негізінде білім сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білім олқылықтарының орнын толтыру мақсатында ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініші бойынша барлық ниет білдірген білім алушыларды оқыту үшін 26 мамырдан 19 маусымға дейінгі «Жазғы мектеп» жұмысын ұйымдастыру қолға алынған болатын. Бүгінде «Жазғы мектепте» білім алушылар белгіленген уақыттың бел ортасына келді. Пандемияның салдарынан мектепке қатынап оқу мүмкіндігінен шеттетілген оқушылар үшін қолайлы шешім болды.

Білім бөлімінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, аудан көлемінде 40 білім беру мекемесінде 8283 оқушы 719 топ бойынша білім алуда. Бастауыш сынып, яғни 1-4-сынып аралығында 321 топта 3145 оқушы білімдерін толықтыру мақсатында күніне негізгі 4 сабақтан білім алса, 5,6,7,8,10-сыныптан 398 топ бойынша 5138 оқушыға математикалық және гуманитарлық білімдерін жетілдіру мақсатында сабақтар ұйымдастырылған. «Жазғы мектепте» білім алып жатқан оқушылар көрсеткіші 47% құрайды.

Министрліктің мәлімдеуінше, жазғы мектеп оқушыларға білім берудегі олқылықтың орнын толтыруға, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. «Үлгерімі төмен балаларға көп көңіл бөлуіміз керек. Бізде әдетте талантты, дарынды, үлгерімі жақсы балаларға көп көңіл бөлінеді. Ондай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызық екені түсінікті, алайда бұл жағдайда басты назар үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс», – деді А.Аймағамбетов өзінің баспасөзге берген сұхбатында.

Сонымен қатар министр жазғы мектептердің жұмысына қатысатын мұғалімдер үшін есеп беруін азайтуды тапсырды. Жазғы мектепте сабақ беретін мұғалімдерге қосымша ақша бөлу жоспарланбаған. Педагогтар осы жылға бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтін болады. Ұстаздар 19 маусымнан кейін 56 күндік еңбек демалысына шыға алады.

Ал ҰБТ мәселесіне келер болсақ, Талғар ауданы бойынша 1526 мектеп бітіруші түлек бар, олар екі кезең бойынша тест тапсырады. Мамыр айындағы тест тапсырудың бірінші кезеңінде өз бақтарын сынауға 1192 оқушы тіркелген. Ал екінші кезең 30 маусымға дейін жалғасатын болады. ҰБТ Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында өтеді. Әр оқушы санитарлық шараларды сақтай отырып, бір реттік маскамен қамтамасыз етіліп, әрі ғимаратқа дезинфекция жұмыстары жүргізіледі.

Жаңа өмірге қадам басқалы отырған түлектерге сәттілік тілей отырып, алған білімдері мен ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегін ақтайды деп сенім артамыз.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»