Қоғам белсендісі, зейнеткер ана Құндызай Хасанованың 1 маусым балаларды қорғау күні мерекесіне орай фейсбук әлеуметтік желісінде жазған жазбасы жайбарақат қалдырмады. Тарқатып айтар болсақ, бұрынғы аудан әкімі болған марқұм
Жолан Ыбырайақынұлы Талғар қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына балалар алаңын салдырып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізген болатын. Осы күндегі алаңда алаңсыз ойнап жүретін балалардың қуанышқа толы жүздері мен бақытты сәттері сол жұмыстың жарқын көрінісі.
Ал, алаңдағы темірлерін тот басып, тозығы жеткен, ескі ойын құрылғыларын Жолан Омаровтың рұқсатымен Кеңдала ауылдық округіне орналастыру мақсатында алған Құндызай Хасанова: «Жолан марқұмның алдында алған уәдем деп қабылдап, сол кісінің аманат жүгін арқалап жүргендей болдым. Сол аманатты атқарар уақыт жетіп, мереке қарсаңында балаларға қуаныш сыйладық»,- деп сол бір келмеске кеткен күндерді сағына еске алды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — демекші саяжайлықтар 2 маусым күні салтанатты түрде алақандай алаңның ашылуын жасап, балалардың қуанышын еселеді. Арнайы көңіл көтеретін аниматор қуыршақтар шақыртып, айтулы алаңның ашылуына мұрындық болған Құндызай Хасановаға алғыстарын жеткізіп, лентасын қидырды.
Кеңдала ауылдық округіне қарасты «Талғар» саяжайындағы, Яблочная көшесінің бойынан орын тепкен ойын алаңына бізде барып қайтқан болатынбыз. Айрандай ұйыған ұйымшылдықтың арқасында алақандай жерді арнайы тазалап, балаларға әдемі алаң жасап берген саяжай тұрғындары да дән риза. Ал балалардың балғын жүздерінен қуаныштың күлкісі көрінеді.
Кеңдала ауылдық әкімдігі аппараты атаулы ойын құрылғыларын орнату, сырлау жұмыстарын мойындарына алып, өз тараптарынан қолдау білдірген екен.
Саяжай тұрғыны, балабақшада қызмет ететін Индира Әлімғазиева осындай үлкен болмаса да кішігірім, керемет алаңның бой көтергеніне ризашылығын білдіріп, себепкер болған жандарға алғыс айтты. «Балалардың көбісінің ата-аналары күні бойы жұмыста. Ал балалардың барып ойнайтын жерлері жоқ, телефон, гаджеттерді серік етеді. Ол балаларға өте зиян. Осындай балалар алаңы, футбол алаңдары көбірек салынса екен»,- деген ойын жеткізді.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»