Өмірі – үлгі, ғұмыры – ғибратты

Өмірі – үлгі, ғұмыры – ғибратты

«Төріңнен қарт кетпесін» деген жасы үлкенге құрмет көрсетуге негіздейтін дәстүр тізгінін А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицей ұжымы күн тәртібінен түсірген емес. Оқушылардың қатысуымен зейнетке шықса да қабілеті қарымды, тірлігі шалымды, өмірі тәрбиеге өріліп, ғұмыры тағылымға төгіліп тұратын аға буынмен кездесулер өткізуді жиілетіп жүретін. Тек бір жылдан асқан пандемияның кесірінен түбі түзу шараның жібі үзілгендей болып еді, жуырда қайта жалғасын тапқанына қуанып қалдық.

Қуана отырып куә болып қайттық. Бұл жолы ақын, сазгер, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Халық мұғалімі», М.Төлебаев атындағы республикалық сазгерлер байқауының жүлдегері Камнұр Тәлімұлы 4-сынып оқушыларымен кездесіп қайтты. Мектеп басшысы Нұржан Оралханқызының ұйытқы болуымен бастауыш сынып бірлестігінің мұғалімдері, атап айтсақ, бірлестік жетекшісі Роза Жексембайқызы, бастауыш сынып мұғалімдері Роза Жолмурзаева, Назгүл Шұлғаубае­ва, Венера Асылжанқызы, Анар Тілеу­ғазина мен педагог-ұйымдастырушы Айгүл Омарғалықова ұйымдастырған шара «Еңбек ерлікке бастайды» деген атпен жоғары деңгейде өтті.
Қазақ тіл ғылымының атасы
А.Байтұрсынұлының есімін алғалы көп те бола қоймаған білім ошағы сол есімге толықтай лайық. Оған білім көрсеткішіндегі жоғары цифрлар дәлел. Қазіргі таңда 45 сынып комплектісінде 1215 оқушы білім алса, мектеп алды даярлық тобында 54 бала тәрбиеленуде. 11-сыныпты аяқтаған 54 оқушының жетеуі «Алтын белгіге», екеуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Аудан мектептерінің ішінде үздіктердің қатарынан түспей келе жатқан осындай білім ошағына бас сұққан Камнұр аға заманының дүбірлі аламанында жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусар бұлағынан сусындатқан сәттерінен естелік айтып, қызықты да тәрбиелі оқиғаларымен бөлісті. Ағаның мәдениеттілігі, парасаттылығы сол – балаларға кіші деп қарамай, досындай сырласа, сыйласа білді. Олардың берген сұрақтарына өз деңгейлерінде жауап беріп, тіпті қолына қалам алып, ақындық өмірге аттанғанда жазған тырнақалды туындысы «Ана туралы» өлеңін оқып, домбырамен «Ойлан, балам» атты әнді шырқап берді. Ағаның баулып жүрген шәкірті дәстүрлі әнші Қайсар Шәкен де жырдан шашу шашты. Жүрегінің жылуын, нұрлы ақылы мен ыстық қайратын, телегей-теңіз білімін аяулы да қымбатты шәкірттеріне, тілі мен дініне, салт-дәстүріне, ұлттық құндылығына арнай білген бірегей тұлғаның берген жауаптарына қанағаттанған оқушылар қуана қолтаңба алып, суретке түсіп жатты. Камнұр ағаның ерекше тағы бір қасиеті, кез келген уақытта бата сұраған жанға берген баталары шешен сөздермен шебер өріліп, жүректен өшпестей орын алатындығы еді. Бұл жолы да қолын жайған балдырғандардың меселін қайтармай, ақ батасын арнады. Шараны қорытындылаған мектеп директоры Нұржан Оралханқызы кеңпейілді қазақтың өзіндей болған Камнұр ағаға алғысын білдіріп, сый-сыяпат көрсетті.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»