Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді

Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өткен болатын. Оған қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімі Қ.Әбдіханов, аудандық мәслихат хатшысы М.Әлібеков, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Күрішбеков, аудан әкімінің орынбасарлары, Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынға төрағалық еткен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Еңкебайұлы қоғамдық кеңесті қалыптастыру бойынша конкурстың өткізілетіндігі туралы хабарландыру жарияланып, осы орайда 30 сәуірден бастап 18 мамырға дейін коммерциялық емес ұйымдардың және азаматтардың ұсыныстары қабылданғанын, қоғамдық кеңес мүшелігіне қабылданған ұсыныстардың саны 12, оның ішінде 4 коммерциялық емес ұйымдардан, 8 жеке азаматтардан ұсыныс түскенін айтты. Қоғамдық Кеңесті қалыптастыру бойынша құрылған жұмыс тобының шешіміне сәйкес Д.Зиадин, Г.Айқожақова, С.Нұрдаулетов, Б. Мұсаханов, К.Батырбекова, А.Сембаев, А.Дюсеновтер аудандық Қоғамдық Кеңес мүшелігіне сайланғанын жеткізді. Содан кейін отырыстың күн тәртібі мен регламентін бекітті.
Күн тәртібіндегі «Коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары мен отандық вакцинаны жаппай егу туралы» ауданымыз­дың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Б.Успанов баяндама жасап, ауданымыздағы эпидахуал жайлы айтты. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Х. Дасибеков те қосымша хабарлама жасап, індеттің алдын алуға бағытталған шаралар туралы тілге тиек етті. Күн тәртібіндегі келесі мәселе «Аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының 2020 жылы атқарған жұмыстары, 2021 жылға жұмыс жоспары және бөлімде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы» жер қатынастары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы А.Ахметовтың баяндамасын тыңдады. Ол да өткен жылы атқарылған жұмыстар жайлы айта келіп, биылғы жылы еңсерілген істер мен болашақтың еншісіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Ал күн тәртібіндегі соңғы мәселе «Аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі басшысының 2020 жылы атқарған жұмысы, 2021 жылға жұмыс жоспары және бөлімде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы» сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Д.Мұханов баяндама жасап, бөлімнің жұмысымен таныстырды. Күн тәртібіне қойылған үш мәселе бойынша есеп берген баяндамашыларды мұқият тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері сұрақ-сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін де айтты.

Жиынды аудан әкімі Қайдар Әбдіханов қорытындылап, қоғамдық кеңестің ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билікке жеткізудегі рөлінің зор екенін алға тартып, бұл күнгі отырыста қаралған мәселелер төңірегінде ой қозғап, есеп берген бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, алдағы уақытта ел игілігі үшін тынбай еңбек етуге шақырды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»