Азалы тарихқа айрықша тағзым

Азалы тарихқа айрықша тағзым

Еліміз егемендігін алып, жоғалғанымыз табылып, өткенімізге өң берген бейбіт күннің қазаққа қалай келгенін ұмытпауға тиіспіз. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің кері кеткен саясатының салқыны қазақ жеріне оңайға соқпағанына тарих дәлел.

31 мамыр – бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн. Қаскөй саясаттың қанқұйлы қасап-қыспағынан қапыда мерт болған қаншама қазақ баласын жоқтайтын күн. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау үшін 1990 жылы Жаңалық ауылының іргесіне саяси-қуғын сүргін құрбандарына арнап тас белгі қойылған болатын. Кейіннен Елбасымыз Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен тарихи оқиғаға лайықты бағасы беріліп, кейінгі ұрпақ құрбандардың рухына тағзым етіп жүрсін деген мақсатпен 2002 жылы еңселі ескерткіш орнатылды. Содан бері 31-мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып бекітіліп, жыл сайын сол күні барша қазақстандықтар ескерткіш жанына жиналып, қуғын-сүргін құрбандарының рухтарына тағзым етіп, әруақтарға Құран бағыштауды әдетке айналдырған.
Биыл да жылдағы дәстүр бойынша зәулім ескерткіш-монументтің қасына карантин талаптарын сақтаған халық тағы жиналды. Көк аспанда қалықтай ойнаған зарлы әуеннің ырғағымен құрбандардың есімі оқылып тұрды. Қаралы митинг ескерткішке гүл шоғын қоюмен басталды. Содан кейін алғы сөзді аудан әкімі Қайдар Әбдіханов алып, халқы үшін жанын қиған ардақты арыстарымызды әрдайым еске алу – қасиетті борышымыз екенін, олардың барлығы халқымыздың біртуар, маңдайалды, озық ойлы азаматтары болғанын тілге тиек етті. Содан кейін кезекпен сөз алған Республикалық «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнес, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы, техника ғылымдарының докторы Дәулет Шейх-Әли Тынышбаев, «Алматы облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің директорының м.а Жандос Байкамитов азаттық жолында жанын қиған ерлер рухына тағзым етіп, ел тәуелсіздігі үшін күрескен құрбандарды еске алды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші жиылған қауым репрессия құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, аудандық мешіттің бас имамы Руслан Исабаев әруақтарға арнап Құран бағыштады. Аға ұрпақ рухына тағзым етуге келген жұртшылық ескерткіш-мемориалға гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейді аралап, экспозициямен танысып тарқады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»