Бәрі де бала үшін
15 жылдан бері үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан қалалық балалар кітапханасы 1 маусымды атаусыз қалдырған емес. Бұл жолы да карантиннің әсері қайтпаса да әсем безендірілген залдан мерекелік леп сезілді. Оған көңіл-күйлері көтеріңкі балалардың шат-шадыман күлкісін қоссаңыз, өзіңіз де балалық шақ әдемі әлеміне түсіп кеткендей боласыз. Кітапхана меңгерушісі Гүлбаршын Шурабекова биыл аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөліммен бірлесе «Біз бақытты баламыз» атты саяхат кешін ұйымдастырыпты.
Аталмыш бөлімнің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналдың балалары жиналған іс-шараға ата-аналар мен бөлімнің әскери патриоттық тәрбие жұмысы бойынша бөлім бастығының орынбасары Салтанат Алпысбаева да қатысты. Кітапхана жетекшісі балалар күнінің мән-маңыздылығына тоқтала кетіп, биылғы жылы қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, қоғам қайраткері, көптеген балаларға арналған өлеңдердің авторы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл екендігін атап өтті. Ы.Алтынсаринге әрі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмемен, жазушының кітаптарымен, ол кісі жайлы жазылған мақалалармен таныстырды. Кітапхана қорына түскен жаңа кітаптарды көрсетуді де ұмыт қалдырған жоқ. Себебі балалардың ішінде рухани ордаға бірінші рет бас сұққан бүлдіршіндер де бар. Солардың бірі – Айзия Мұрат:
— Мен С.Сейфуллин атындағы №2 мектептің 4-сынып оқушысымын. Ертегі кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Кітапханада көптеген ертегі кітаптарды көріп, қызығып кеттім. Енді алып оқитын боламын. Кітап оқу – бізді ақылдылыққа, білімділікке жетелейді, — дейді бүлдіршін қыз алған әсерімен бөлісіп.
Келесі кезекте балалар өздері жаттап келген тақпақтарын оқып, әндерін шырқады. Өнерпаз балғындарға Салтанат Алпысбаева бөлім басшысы Айдар Болатұлының атынан алғыс айтып, кітаптар сыйға тартты. Кітапханаға саяхат жасап, рухани ләззат алып шыққан балалар бұл күнді ұзақ есте сақтайтындары сөзсіз.
Меруерт Бөлек,
«Талғар»