2000-шы болып қызмет алушы анықталды
Аудан тұрғындарына жедел әрі сапалы қызмет көрсетуді мақсат тұтқан «Сервистік әкімдіктің» іші-сырты қашан да қауырт. Ауданымызда 84 мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған 11 бөлімше бар болса, соның сегізі осы орталыққа топтастырылып, олар 48 мемлекеттік қызмет түрін мүлтіксіз атқарып келеді.
Орталықтың өз ресепшіні, кезек алудың электронды терминалы мен ыңғайлы орындықтар қойылған күту залы да бар. Сондай-ақ бұл жерде қысқа уақыт аралығында қажетті қызметті алуға көмектесетін өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да қарастырылған. Балаларымен келген азаматтардың жағдайы да назарға алынып, арнайы ойын бұрышы да ойластырылып қойылған. Ашылғанына алты айдан асқан сервистік әкімдікте көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің оңтайлылығына тұрғындар дән риза. Солардың бірі Талғар қаласының тұрғындары, тәуелсіздік құрдастары Айдана мен Ілияс Сансызбаевтар.
Жақында ғана төртінші рет сәбилі болған жас ата-ана туу туралы куәлік алу үшін сервистік әкімдік қызметіне жүгінген. Қажетті құжаттарды өткізіп, куәлікті алар тұста оларды қуанышты жағдай күтіп тұр еді. Орталықтың «Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» мемлекеттік қызметі бойынша өтініш иелері 2000-шы болып тіркеліпті. Бұл жағдайды елеусіз қалдыруға болмайтынын ескерген аудандық мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің жетекшісі Гүлжан Айтқожақова жас отбасын әкімдікке шақырып, куәлікті салтанатты жағдайда тапсырды. Айсұлтан, Әлияр, Әмірхан, Айдархан есімді төрт ұлымен келген Сансызбаевтар отбасын аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлының өзі қабылдады. Алдымен «Сервистік әкімдіктің» ашылудағы себебі мен бүгінгі жұмысы жайлы қысқаша ақпарат беріп өткен орынбасар осындай жас отбасының аудан демографиясына қосып жатқан үлесі үшін шынайы рахметін айтты. Халықаралық балалар күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт тілей отырып аудан әкімі Қ.Әбдіхановтың «Алғыс хаты» мен сый-сияпатын табыс етті. Аудандық мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің жетекшісі Гүлжан Дәуренбекқызы, аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас маманы Нұрсұлу Сапакова, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова да жас отбасының жігері мұқалмауына айрықша тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттарын көрсетті.
2014 жылы отбасын құрып, жеті жыл ішінде көпбалалы отбасылардың қатарын толықтырған Ілияс пен Айдана өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті жерде оңтайлы жүзеге асуының тағы бір көрінісіне осылай куә болып қайттық.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»