Адамның бір қызығы – бала деген
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Атаулы күнге орай аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, әкім орынбасары Ахмет Әшімахұн, аудандық білім бөлімі ММ-нің басшысы Қарлыға Садуақасова және БАҚ өкілдері Талғар қаласындағы «Нұр», «Ковчег» балалар үйіне барып, ондағы балаларды мерекемен құттықтап қайтты.
«Ковчег» балалар үйінің директоры Марина Сугакова балалар үйінің жай-жапсарымен таныстырып, ондағы тәрбиеленіп жатқан балалардың жетістіктерімен бөлісті. Айта кетер болсақ, қазіргі уақытта бұл жерде ата-ана қамқорлығынан айырылған 20 бала тәрбиеленуде. Ең кішісі 3 жаста болса үлкендері мектеп тәмамдайтын жасқа жеткен.
Марина Сугакова мұндағы балалардың кәмелеттік жасқа толып кетсе де, тұрақты жұмысқа орналасып, өздерін асырауға шамалары жеткенше жауапкершілік жүгінен арылмайтынын, демеушілердің көмегінің нәтижесінде біраз қажеттіліктердің азайғанын айтты.
Олар орта біліммен қоса, шахмат, тоғызқұмалақ, қолөнер, спорт секілді қосымша үйірмелерге қатысып өздерін дамытуда. «Балалардың жасаған ерекше қолөнер бұйымдары түрлі көрмелерде сатылымға шығарылып, еңбектері жоғары бағалануда. Соның өзі балаларға үлкен шабыт сыйлайды», -дейді тігін үйірмесінің жетекшісі Татьяна Николайқызы.
Ал, «Нұр» балалар үйіне бас сұққан кезде кең жүректі абзал ана Тұяқ Қаскенқызын қаумалай қоршаған балалардың ортасынан көрдік. Жомарт жандардың көмегімен жасалып жатқан футбол алаңын мерекеге сай безендіріп, керемет көңіл күймен, балаларының ортасында отырған ананың жүзінен бақыт еседі.
Айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы балалардың жағдайымен танысты. Тұяқ апаның айтуынша, балалардың саны бұрынғыға қарағанда едәуір азайған. Кейбір аналар аяқтанып, жағдайын жасап алғанша балаларын уақытша қалдырып, демалыс күндері келіп кетеді екен. Жомарт жандардың көмегімен біраз шаруаның басы қайырылып, тіпті бұрын сол кісінің қолында тәрбиеленіп қазіргі таңда отау құрып, өмірден өз жолын тапқан балалар да мереке сайын балаларымен жиналып, қолғабыс етеді екен. Біз де сол көріністің куәсі болдық.
Тозығы жеткен ғимаратты күрделі жөндеуден өткізетін уақыттың жеткенін алға тартып, аудан әкімінен көмек сұраған жомарт ананың өтініші ескерілді. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі қажетті шараларды қарастырып, жоспарға енгізуге көмектесетінін айтты. Балалармен естелік суретке түсіп, сый-сияпатын тарту етті. Мерекелік кездесудің соңы Әнуарбек Байсариндей ақылшы ақсақалдың ақ батасымен аяқталды.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»