Бастауын 2005 жылдан алған «Жасыл ел» бағдарламасына биыл 16 жыл толуда. Сәтті басталған бастама осы күнге дейін өз міндеттерінен тайған емес. Барлығымызға белгілі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары студенттерді жұмыспен қамти отырып, қоғамдық маңызы бар игі істер атқарып келеді. Жыл басында елордада өткен республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары кеңесінің І отырысында 15 жылдың қорытындысы айтылып, алдағы жоспарлары бекітілген. Белгілі болғандай 15 жыл ішінде 300 мыңнан аса жасты жұмыспен қамтыған. Еңбек жастарының жұмыс күшінің арқасында 44 млн-нан аса ағаш отырғызылып, 180 мың гектар жерде әртүрлі жұмыс жүргізілген. Одан бөлек мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларға, атап айтқанда «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомагистралінің салынуына және «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі», Экспо ғимаратының салынуына «Жасыл ел» жастарының қосқан үлесі зор.
Еңбекке ерте жастан етін үйретіп, қоғамдық жұмысқа қолғабыс болуға баулыған жастар жобасына аудан жастарының да сіңірген еңбегі мол. Өз аудандарының келбеті көркейіп өзгеруіне үлес қосқысы келетін жастарды биыл да «Жасыл ел» қанатының астына алмақ. Аудандық жастар ресурстық орталығының берген мәліметінше XVII «Жасыл ел» еңбек жасақшыларының маусымдық жұмысының басталуы 1 маусымға тұспа-тұс келуде. Осыған орай өткен аптада ауданымызға Республикалық «Жасыл ел» штабы Алматы облысы филиалының маманы Қойшыбаев Нұркен Маздатұлы келіп кеткен болатын. Ондағы мақсаты ауданымыздағы жастармен кездесіп жасылелдіктер қатарына шақырып, түсіндірме жұмыстар жүргізу болды. Жоспарланған кездесу жиыны Талғар қаласы мен Гүлдала ауылында өтті. Кездесуде анықталғандай осы жылы ауданымыздың «Жасыл ел» еңбек жасақшыларына 75 орын қарастырылған.
Жобаға орын санына қарай ауданымыздағы 16-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
Ол үшін төмендегі құжаттарды тапсыру керек .
• Жеке куәлік көшірмесінен — 2 дана
• ХҚКО зейнетақы жүрмегені жөніндегі анықтама
• Уақытша жұмысқа қабылдау туралы өтініш
• 18 жасқа толмағандар үшін ата-анасының нотариалды қолхаты
• 18 жасқа толмағандар үшін ата-анасының куәлік көшірмесінен — 2 данасын әкеліп аудандық әкімшіліктің 5 қабат 511 бөлмеге өткізуі тиіс.