Қайырымдылықтың қайыры бар

Қайырымдылықтың қайыры бар

Дана халқымызда «Кең болсаң – кем болмайсың» деген мақал бар. Иә, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» деген сөзін ұмытпаған мұсылман қауымы ежелден жомарттығымен танылған. Жүрегінде иманы бар жұрт Алла алдындағы қасиетті парыздың бірі — қайырымдылық екенін біліп, қолынан келгенше мұқтаж жандарға көмектесіп келеді. Қайырымдылық – ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалса керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Закиржан Кузиев пен Қазақстан Республикасының ұйғыр этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, «Nur Otan» партиясының мүшесі Доқунтай Абдухелил осындай жомарт жүректі, қайырымды жандар. Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында осы екі азаматтың бастамасымен қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Қайырымды жандар облысымыз бойынша қарттарға, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және мұқтаж отбасыларына көмек қолын созып, азық-түлік себеттерін табыс етті. Алматы қаласы мен барлық аудандарға 2000-ға жуық себеттерді үлестірді. Акция барысында талғарлықтар да назардан тыс қалған жоқ. Ауданымыздағы мұқтаж жандарға 50 азық-түлік себеті бөлінді. Оны аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Имин Тоқтахунов бастаған аудан азаматтары Талғар қаласына және он ауылдық округке бөліп, мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, таратып берді. Әрі қайырымды істерімен көпшіліктің алғысына бөленді. Осындай игілікті шараны ауданымызға қарасты Гүлдала ауылындағы Айшигүл Тохтиева бастаған әйелдер қауымы қолдап, бірнеше демеушілердің көмегімен 500-ге жуық отбасына азық-түлік себеттерін үлестірді. Қызыл-қайраттық қайырымды жандар да өз үлестерін қосып 140 отбасына арнайы себеттерін жеткізіп берсе, осы ауылдағы Бакиевтер отбасы 50 ақжаулықты ананы айт мерекесімен құттықтап, сый-құрметтерін көрсетті.

Қасиетті Құран-Кәрімнің «Сәбә» сүресінде: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» деген екен. Ұлық айда жасалған ұлағатты істердің Алла қайырын беріп, ізгі амалдарымыз еселене берсін деп тілейік!

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»